Темірдей тәртіп пен мейірімнің иесі

Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру туралы сөз еткен болатын. Жұмысшы мамандықтар елдің мәртебесін көтеретін күш деуге болады. Ал сол күштің бір бұрышын арқалап жүрген әйелдер қауымы да аз емес

Әр әйелдің тағдыры – бір-бір дастан. Ал сол дастанның ішінде елге қызмет ету, темірдей тәртіп пен төзімді бойына сіңіру арқылы жазылған тағдырлар сирек кездеседі. Әсіресе, әскери саланың сан қатпарлы, жауапкершілікке толы жолын жүріп өтіп, нәзік жанымен Отан алдындағы борышты адал атқарған әйел заты болса – бұл ерлікке пара-пар. Күләш Шаймарданова – сондай қайсар мінез бен биік болмысты бойына дарыта білген ардақты жан. Ол – әскери саланың салмағын нәзік иығымен көтеріп қана қоймай, сол жолдың шырағын сөндірмей келе жатқан тұлға. Қызмет пен аналық мейірімді қатар ұстап, екеуін де өзіне жарасымды етіп үйлестіріп келе жатқан санаулы нәзік жандардың бірі.

–         Әйел отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің тірегі де бола алады. Тек жүректен шыққан сенім мен төзім болса болғаны,-дейді Күләш Улданқызы.

Ол 1963 жылы 1 наурызда Қамысқала ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан-ақ тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымға айналдырған. Отбасынан дарыған еңбекқорлық пен мейірім кейінгі өмір жолында басты бағдарға айналды.

1997 жылдың 21 қыркүйегінде әскери саламен кәсіби өмірі тоғысты. Бұл таңдау – жай ғана жұмысқа орналасу емес, бүкіл болмысымен берілген жол болды. Ол қызмет еткен Исатай аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің Құпия іс жүргізу бөлімшесі – аса маңызды әрі сенім жүгін арқалаған құрылым. Бұл бөлімшенің жұмысы – әскери құжаттармен, ел қауіпсіздігіне қатысты деректермен тікелей байланысты. Онда қателікке, салғырттыққа жол жоқ. Ал Күләш апай үшін – бұл тек қағаз жүзіндегі міндет емес, бұл – әр сарбаздың тағдыры, әр отбасының үміті.

–         Әр құжат – жауапкершілік. Әр жазба – бір ананың ұлы. Олардың болашағына бейжай қарау – менің табиғатыма жат,- дейді ол тереңнен толғанып.

Осы ұстаным оның бүкіл еңбек жолының өзегіне айналды. Адалдық пен ұқыптылық – оның кәсіби кредосы. Сондықтан да болар, ширек ғасырдан астам уақытта ол қызмет жолында бірде-бір ескерту алып көрмеген, әрдайым сенім биігінен табылған. Кез келген тапсырманы мұқият, салқынқандылықпен орындайды. Өйткені ол үшін жұмыстың сапасы – өз аты мен абыройының айнасы.

Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Күләш апайдың тағдырына үңілгенде, ойға еріксіз мынадай сұрақ оралады:Әйел баласы темірдей тәртіп пен әскери жүйеде табан тіреп жұмыс істеп жүрсе, ер-азамат ше? Бүгінде әскери комиссариаттың табалдырығын аттауға жүрексініп, түрлі сылтаумен Отан алдындағы парызын өтеуден жалтарғысы келетін жігіттер аз емес. Бірі медициналық анықтама іздесе, бірі оқуын сылтауратады. Тағы бірі көлеңкелі жолмен әскерден босатылуға тырысады. Ал мұндай кезде Күләш апайдай нәзік жанның ширек ғасыр бойы ел тыныштығы жолында ер-азаматтарға лайық еңбек етіп жүргені – ұят та, ой салатын жағдай. «Ер ел үшін туады» деген аталы сөз бүгінгі қоғамда мағынасын жоғалтып бара жатқан жоқ па?» Қолына қару ұстамаса да, сарбаздардың тағдырына тікелей араласып, патриоттық тәрбие беріп жүрген әйел бейнесі – көп ер-азаматқа ой саларлық үлгі емес пе? Иә, оның табанды еңбегі мен әскери салаға қосқан үлесі ел назарынан тыс қалған жоқ. 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұл – ел мойындауы. Бұдан бөлек, Конституция күні, Отан қорғаушылар күні, Қарулы Күштердің 25 және 30 жылдық мерекелеріне орай түрлі деңгейдегі алғыс хаттар, кәсіподақ ұйымының марапаты – бәрі де еңбегінің елеусіз қалмағанын көрсетеді.

Бірақ Күләш апай үшін марапаттар емес, ел сенімі мен отбасының алғысы – ең үлкен құрмет. Ол үшін сарбаздардың амандығы мен бөлім жұмысындағы тәртіп – бар жауапкершіліктің шыңы. Қарапайым әрі салмақты бейнесінен-ақ оның болмысындағы бекзаттық пен парасаттылық көрінеді.

–         Әскер ерлікке бау-лиды, ал отбасы жүрекке тыныштық сыйлайды. Екеуін қатар алып жүру үшін сабыр мен сүйіспеншілік керек,-дейді ол шын жүрегінен.

Ол – тек қызметкер емес, ана. Балаларының болашағына бағыт беріп, отбасына жылу мен мейірім таратқан жан. «Жұмысқа табандылық, отбасыға түсіністік керек» деген бір ауыз сөзі – өмірлік философиясының өзегі. Оның еңбек жолындағы ұстаздары – Нұрасбек Рахатұлы Бозбалиев пен Нұрланбай Мұратұлы Хамидуллин – кәсіби бейнесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. «Олардың көрсеткен жолы мен үйреткен әрбір ісі – мен үшін сабақ болды» деп еске алады. Күләш апай – әскери қызметтің қаталдығы мен әйел жүрегінің мейірімін бір арнаға тоғыстыра білген тұлға. Ол – жас буынға бағыт, патриоттық тәрбиеге тірек. Қазірдің өзінде өзінен кейінгі әріптестеріне үлгі, жастар үшін ақылшы, болашақ сарбаздар үшін рухани жетекші.

«Ел үшін еткен еңбек  елеусіз қалмайды»  дейді дана халқымыз. Күләш Шаймарданованың өнегелі өмір жолы – осы сөздің жарқын дәлелі. Ол – ел үшін туған, қызмет пен кісілікті қатар өрген, ұрпаққа үлгі болар тұлға. Осындай жандардың арқасында бүгінгі тыныштық пен тұрақтылықтың бағасы артып отыр. Олар – көзге көрінбейтін, бірақ елдің тағдырында маңызды рөл атқаратын нағыз патриоттар.

Кейіпкеріміз еңбек пен парасаттың, мейірім мен тәртіптің жарасымын көрсеткен жан. Оның жолы – бүгінгі жастарға бағыт, болашаққа аманат. Біз осындай азаматтарымызбен мақтануымыз керек. Өйткені елдің тағдырын ерлермен бірге нәзік жүректі әйелдер де арқалап келеді. Ұлтына ұлағат, ұрпаққа өнеге болған Күләш Шаймардановадай жандар ел есінде әрдайым құрметпен сақталады.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT