Теңіз ардагер көзімен: Айтжан Айтыбасовтың тәжірибесі және қауіпсіздік қағидалары

Айтжан Айтбайұлы Айтыбасов 1998 жылдан бері Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ жобаларының бірі — Теңіз кен орнында еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол қарапайым жұмысшыдан менеджердің орынбасарына дейін көтеріліп, өндірістегі тәртіп, заманауи технологиялар және қауіпсіздікке деген жоғары талап Теңізді ерекше жұмыс алаңына айналдыратынын өз тәжірибесімен көрген.

Оның айтуынша, «Теңізшевройл» компаниясы үшін қауіпсіздік — басты басымдық. Бұл қағида тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танылған. Айтжан Айтбайұлы кен орнындағы қауіпсіздік мәдениеті өте жоғары екенін атап өтеді.

Ардагердің күнделікті жұмысы таңғы сағат жетіде өтетін қауіпсіздік нұсқаулығынан басталады. Бұл жиынға қатардағы жұмысшылардан бастап басшылыққа дейін барлық қызметкерлер қатысады. Жеке қорғаныс құралдарын тексеріп, қажетті жабдықтарды дайындағаннан кейін ғана жұмысқа рұқсат беріледі.

«Теңізде ең қымбат құндылық — адам өмірі. Біздің негізгі міндетіміз — әр қызметкердің жұмыс күнін аман аяқтап, отбасына сау-сәлемет оралуы», — дейді Айтжан Айтбайұлы.

Ол кен орнында жұмыс істеу тәртіптілік, ережелерді қатаң сақтау және командадағы үйлесімділікті талап ететінін айтады. «Бауыржан Момышұлы айтқандай: „Тәртіпке бағынған адам құл болмайды“. Өндірісте тәртіп пен қауіпсіздік — ең маңыздысы», — деп ойын түйіндеді ол.

Теңізде жас мамандарды даярлау да назардан тыс қалмайды. Жаңа қызметкерлер тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен апта бойы өндірістік ортаға бейімделіп, күрделі техника мен процестерді кезең-кезеңімен меңгереді. Айта кетсек, Жұмысшылар жылы аясында ТШО Атырау облысының 95 тұрғынын төрт техникалық мамандық бойынша оқытқан: құбыршы, электромонтажшы, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика монтажшысы, металлоконструкция дәнекерлеушісі.

«Теңіздегі басты күш — бұл бірлігі жарасқан команда. Әр қызметкер қауіпсіздік ережелерін сақтап, бір-бірін қолдағанда ғана жұмыс нәтижелі әрі қауіпсіз болады. Біздің жұмысымызды ерекше ететін де — осы», — дейді Айтжан Айтбайұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT