Тегін курсқа қатысқан атыраулықтар 600 мың теңге айлық алуда

«Janasha» қоғамдық қоры медиа бағытта тегін білім беретін «Шектелме» жобасының үшінші маусымын бастады. Жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қаржыландырылып, 2023 жылы Жылыой ауданының ауылдарында, 2024 жылы Құлсары мен Атырау қалаларында табысты іске асырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Үшінші маусымның ресми ашылуы мен таныстырылымына Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қатысып, игі бастаманы қолдайтынын жеткізді. 

«Соңғы 10 жылда ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, еңбек нарығында жаңа қызмет түрлері пайда болды. Бұл – заман талабы, ал «Шектелме» жобасы осы сұранысты дөп басып отыр. Біз жастарға нақты дағды мен тәжірибе беру арқылы олардың табысты маман болып қалыптасуына ықпал етеміз» деді ол.

- Жоба ұжымы алғашқы топты сәуірде оқытса, келесі топқа үміткерлерді тіркеу жұмыстары мамырда аяқталады. Бұл жылдағы ерекшелік — оқыту бағдарламасына жасанды интелектінің қосылуы. Курстар осы жылдың аяғына дейін кезең-кезеңімен жалғасады. Онда SMM және рилсмейкер, графика дизайны және жасанды интеллект, трафик менеджер, мобилография, маркетинг бағыттарында білім береміз. Курс соңында сертификаттар табысталып, үздік түлектерге практикадан өту және «Janasha» қорындағы медиапарақшаларды жүргізу ұсынылады, - деді «Janasha» ҚҚ жетекшісі Алтынай Серікбай.

Бағдарламаға қатысып, табыс тауып жүрген түлектердің бірі – SMM маманы Жұлдыз Хали. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Қазір оның айлық табысы 500–600 мың теңгенің аралығында.

- Мен «Шектелме» жобасына қатысып, SMM және графика дизайнын үйрендім. Қазір үш жобада жұмыс істеймін, сонымен қатар «Janasha» қоғамдық қорының ресми парақшасын жүргізуге ұсыныс түсті. Одан бөлек екі баланың анасымын, декретте отырған кезде үйрендім. Бұл бағдарламаның білемін, көремін, істеймін деген жандар үшін берер мүмкіндігі мол, – деді Жұлдыз Хали.

2023-2024 жылдары Жылыой ауданы мен Атырау қаласынан 1 100-ге жуық жас тегін курстарға қатысып, өздігінен жұмыс істеу мүмкіндігін иеленді. Қатысушылар арасында жұмыссыз жастардан бөлек бала күтімімен уақытша үйде отырған аналар мен жас кәсіпкерлер де бар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT