Теңгерімді салық саясаты: қаржы вице-министрі Абай облысының кәсіпкерлерімен кездесті

Семейде қаржы вице-министрі Ержан Біржановтің, Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйшіновтің, облыс әкімінің орынбасары Қанат Әділбайдың, сондай-ақ өңірдің бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің, Мәслихаттардың және Өңірлік палата жанындағы өңірлік және салалық кәсіпкерлер кеңесі мүшелерінің қатысуымен кеңес өтті. 

Ашық диалог форматында нәтижелі әңгіме жүргізілді және салық реформасының барлық нюанстары түсіндірілді, қосылған құн салығының мөлшерлемесін өзгерту бойынша бизнестің ұстанымы тыңдалды. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні ҚҚС желісі бойынша Үкімет базалық жалпы шартты мөлшерлемені 16%, қызметтің басым түрлері үшін аралық мөлшерлемені 10% және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 0% деп ұсынуда.

Салық кірістерін ұлғайту мәселесі алдағы реформа шеңберінде талқылайтын негізгі тақырыптардың бірі саналады. Мемлекет бюджетке тұрақты түсімдерді қамтамасыз етуге, Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділікті азайтуға және бір мезгілде бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылуда. Дегенмен, аталған мақсатқа жету үшін салық саясатының инвестициялық климатқа әсері, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі және экономикалық өсу секілді бірнеше факторды ескеру қажет.

Салық реформасы кәсіпкерлерге шамадан тыс жүктеме туғызбауы үшін мемлекеттік органдар салықтық әкімшілендіруде сервистік тәсілді енгізеді. Негізгі мақсат – салық төлеу үдерісін жеңілдету және бизнеске бюрократиялық жүктемені азайту.

Негізгі бастамалардың қатарына ҚҚС бойынша декларацияларды алдын ала толтыру, салық операцияларының мәртебесін онлайн-режимде бақылауға, сондай-ақ электрондық шот-фактураларды автоматтандырылған күйде жүргізуге мүмкіндік беретін «e-Tamga» жобасын іске қосу жатады. Қазірдің өзінде жүйеде 1,3 млн-нан астам салық төлеушілер тіркелген, ал жыл сайын жазылатын электрондық шоттардың саны 260 млн-ға жетеді.

«Мен өңірлік палатаның директоры, кәсіпкерлікті дамытумен және бизнестің мүдделерін қорғаумен айналысатын адам ретінде ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі бизнеске де, түпкілікті тұтынушыға да жақсы әсер етпейді деп санаймын. ҚҚС – бұл тұтыну салығы және оны өзгерту кез келген жағдайда бағаға әсер етеді. Шағын бизнестің қажеттіліктерін ескеретін және әкімшілік кедергілерді төмендететін теңдестірілген жүйені құру маңызды. Әкімшілік кедергілерді жеңілдетпестен тек ҚҚС шегін төмендету қосымша жүктеме тудырады. Есептілікті автоматтандыру, есепке алудың кассалық әдісін, алдын ала толтырылған декларацияларды және кәсіпкерлерге тиімдірек жұмыс істеуге мүмкіндік беретін басқа да құралдарды енгізу қажет. Сонымен қатар салық реформасы инвестициялық климатқа әсерін ескеруі керек. Еңбекақы қорына жоғары жүктеме бизнесті көлеңкеге кетуге мәжбүр етеді. Жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын қайта қарау жанама шығындарды азайтуға, компанияларды бейресми сектордан шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Соңғы шешімдер фискалдық мақсаттар мен кәсіпкерлікті дамыту арасындағы тепе-теңдікті ескеруі үшін біз мемлекеттік органдармен диалогты жалғастырамыз. Реформа бюджетті толықтырып қана қоймай, ұзақ мерзімді экономикалық өсу, бизнесті дамыту және салық жүйесінің ашықтығын арттыру үшін жағдай жасауға тиіс», — деп атап өтті Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйшінов.

Айта кетейік, Абай облысында 60 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істейді, оның 70%-ы жеке кәсіпкерлер.

«Қазақстандағы салық төлеушілердің жалпы саны – 2 млн. Олардың тек 80 мыңы қосылған құн салығын төлейді. Бүгінгі таңда қосылған құн салығының шегі шамамен 80 млн теңгені құрайды және оны 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылуда. Бұл мәселе талқылауға жатады, өйткені аталған шеңбер салық төлеушілердің едәуір санын қамтуы мүмкін – біздің есептеулеріміз бойынша 200-300 мың кәсіпкер қосылады. Сіздерге бірден айтайын, халықпен тікелей жұмыс істейтін салық төлеушілерді арнайы салық режиміне жатқызамыз. Яғни, бүгінгі таңда жеңілдетілген режимде немесе бөлшек салық бойынша жұмыс істеген үй жанындағы дүкендер, шаштараздар, шағын киім бутиктері ҚҚС-тан босатылады», — деп атап өтті қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Вице-министр арнайы салық режимі мен бөлшек салықтың қалай өзгеретінін түсіндірді.

«Қазіргі уақытта қолданыстағы оңайлатылған декларация жүйесі жылдық кірісті 180 млн теңгеге дейін, қызметкерлер санын 30 адамға дейін және мөлшерлемені 2% көздейді. Сондай-ақ ресми түрде бөлшек салық болды, ол айналымы жылына 2,4 млрд теңгеге дейінгі, қызметкерлер саны бойынша шектеусіз және Мәслихаттардың шешімімен 4% мөлшерлемені екі есе төмендету мүмкіндігімен бизнесті қамтыды. Енді біз осы екі режимді оңайлатылған декларацияның бірыңғай форматына біріктіреміз, бұл ретте табыстың жоғарғы шегі сақталады, ол шамамен 2,4 млрд теңгені құрайды», — деді Ержан Біржанов.

Өңірлік палата жанындағы кәсіпкерлердің салалық кеңестерінің өкілдері өз кезегінде бизнес атынан мәселелер айтып, ұсыныстарын жеткізді. Вице-министр барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып, салық реформасын одан әрі жетілдірудің маңызын атап өтті. Ол Қазақстанға салық жүйесін жаңғырту қажет деп қорытындылады, бірақ бұл үдеріс бизнестің дамуына нұқсан келтірмей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай етіп жасалуы тиіс.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT