Бүгін аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен орталық стадионда жаппай таңғы жаттығу өтті.
Аталмыш шараға аудандық аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі мен әжелер мектебінің мүшелері қатысты.
Шара барысында алдымен спорт ардагері Марат Нұрмақов жеңіл әрі оңай жаттығу үлгісін көрсетті.
Әрі қарай салауатты өмір салтын ұстануды мақсат еткен жиналған көпшілік тыныс алу, керіліп-созылу, бір рет айналып жүгіру сынды жеңіл жаттығулар жасап, сергіп қалды.
«Дененің саулығына жағымды әсер ететін шаралардың бірі - таңертеңгі жаттығу. Бойға күш-қуат жинау үшін пайдаланылатын таңғы уақыт - бұл күні бойы жақсы көңіл-күй мен сергектіктің және салауатты өмір салтын ұстанатын денсаулықтың кепілі.
Бұл жерде бұрыннан таңғы алтыдан бастап жүретін, жүгіретін апаларымыз бар. Сол жандардың егде жаста болса да белсенділігі шабыт беріп, осы шараға қатысып жатырмын», - деді шараға қатысушы Эльмира Қамзақызы.
Ашық аспан астында өткен бұл таңғы спорттық іс-шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Г.Жұбанышқалиева