АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елімізде дүниедегі ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдері – мұғалімдер күні. Бұл күн елімізде біраз уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтіп келді. Ал 2023 жылы Үкімет қаулысымен 5 қазанға бекітілген еді.
Соңғы бес жылда елімізде білім-ғылымның дамуына баса мән беріліп, білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1 200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қолға алынды. Арнайы заң қабылданды. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. 2021 жылдан бастап алғаш рет педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы беріле бастады. Бүгінде бұл мәртебелі атақты 79 ұстаз алды. Былтыр екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісіне айналды. 2012 жылдан бері мұғалімдердің еңбегін бағалау үшін «Үздік педагог» байқауы өткізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл атаққа еліміздің түкпір-түкпірінен 752 мұғалім ие болды. Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін байқау жеңімпаздары құрметті атақ пен 1 000 АЕК (3 932 000 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйлық алады. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды.
Міне, осындай шаралардың нәтижесінде мұғалім болғысы келетін жастардың қатары артты. Мәселен, 2004-2005 оқу жылында 1 800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагогикалық мамандыққа оқуға түссе, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдады. Бұл – осы жылы оқу бітірген «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы. Биыл мұғалімдер даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл – еліміздегі барлық гранттың бестен біріне жуығы. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы соңғы бес жылда 2 есе көбейіп, жаңа оқу жылынан бастап 84 мың теңгеге жетті. 2025-2026 оқу жылында қазақстандық білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас педагог жұмысқа қабылданды.
Айта кетейік, 1 қазанда ұстаздар қауымын құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты.
– Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Өткен айдың соңында 2 жылдан астам уақыт Оқу-ағарту министрі болған Ғани Бейсембаев қызметінен босатылып, оның орнына Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Жаңа министрді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада 29 қыркүйекте қабылдады. Кездесуде Президент мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды тиімді іске асырудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру, саладағы өзекті мәселелерді уақтылы шешу және азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігіне назар аударып, нақты міндеттер жүктеді.
Жұлдыз Сүлейменова кездесуден шыққаннан кейін Президент қандай нақты тапсырмалар жүктегенін айтты.
- Маған берілген нақты тапсырма – білім сапасын арттыру, қала мен ауыл балалары арасындағы білім теңсіздігін толыққанды, мейлінше жою. Сондай-ақ білім мазмұнын басқа жерден көшіріп алмай, нақты қалыптасқан академиялық ерекшеліктеріміз бен басымдықтарымызды зерделей отырып жаңғыртуды тапсырды. Мұнан бөлек, бүгінгі заманауи технологияларға бәсекелестікті дамытатын, балаларымыздың озық ойын дамытатын жүйелі, сапалы білім беру жүктелді. Ендігі негізгі міндетім – Мемлекет басшысының үлкен сенімін ақтау, берген тапсырмаларын сапалы орындау, елімізге адал қызмет ету, - деген еді Оқу-ағарту министрі.
Естеріңізге сала кетсек, 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі Дүниежүзілік мұғалімдер күнін атап өтеді. Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтеді.
Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйытқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді