Бүгін қалада сегізінші рет ұйымдастырылып отырған Atyrau Marathon 2025 жеңіл атлетикалық марафоны өтті. Бұл ауқымды спорт мерекесі қала күніне орай ұйымдастырылып, Қазақстанның әр аймағынан, жақын және алыс шетелдерден келген екі мыңға жуық қатысушыны біріктірді. Марафон Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен облыстық жеңіл атлетика федерациясының ұйымдастыруымен өткізілді. Биылғы жылы да бұл жарыс күздің ең көп күтілетін оқиғаларының бірі екенін дәлелдеді. Спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанушылар Infinity EcoPark-тен бастап 5, 10, 21 және 42 шақырымдық қашықтықтарды бағындыруға шықты. Жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгені құрады. Жеңімпаздарға 300 мың теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар табысталды. Абсолюттік және жас ерекшеліктері бойынша жеңімпаздар жеке анықталды. Сонымен қатар, әр қатысушыға медальдар берілді. Ұйымдастырушылар 400-ге жуық волонтерді жұмылдырып, шараның жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті. Еріктілер жүгірушілерге трасса бойында көмектесіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап, бірлік пен спорт рухын қолдады. Бұл марафон Диана Ахметова үшін алғашқы болды. – Мен 5 шақырым жүгірдім және зор ләззат алдым, – деді ол. – Маған бәрі ұнады: ұйымдастыру, адамдар, атмосфера. Келесі жылы міндетті түрде тағы қатысамын. Жарыстың тұрақты қатысушысы Жомарт Нұрғалиев биыл 10 шақырымдық қашықтықты таңдады. – Бұл менің алғашқы жарысым емес, – деді ол «ПК» тілшісіне берген сұхбатында. – Әр жолы ерекше қуат алып, үлкен ләззат аламын. Мұндай іс-шараларға қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Марафон жай ғана жарыс емес, түрлі жастағы және түрлі мамандықтағы адамдарды біріктірген нағыз спорт мерекесіне айналды. Көңілді музыка, жанкүйерлердің қолдауы, күлімдеген жүздер мен есте қаларлық медальдар – осының бәрі бұл күнді ерекше етті. – Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бұл – атыраулықтардың спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді, – деді Атырау облысының спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдыков. Георгий ШАПОШНИКОВ, автордың фотосы
Спорт, драйв және бірлік: Atyrau Marathon – 2025 қалай өтті
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- 20
