Қазіргі заман – кәсіби шеберлік пен нақты іске негізделген дәуір. Бұл ретте жұмысшы мамандықтардың орны ерекше. Жұмысшы – ол тек қолымен еңбек ететін адам емес, ол – күн сайынғы тіршілікті алға жылжытып, қоғамның дөңгелегін айналдырып тұрған тұлға. Оның еңбегі – үнсіз, бірақ өміріміздің әр саласында көрініс табатын құнды күш.
Мысалы, сіз жұмысқа асыққанда мінген көлік жолының тегістігі – жол жөндеушінің еңбегі, үйіңіздегі жарық пен жылу – электрик пен сантехниктің жұмысы, ал шашыңызды түзеп, келбетіңізге көрік сыйлаған – шаштараздың шеберлігі. Бұлар – көзге көрінбейтін, бірақ өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған мамандықтар.
Шаштараз мамандығы – эстетика мен ептілікті, шеберлік пен талғамды талап ететін сала. Бұл кәсіп иелері тек сыртқы келбетке сән беріп қана қоймай, адамның өз-өзіне деген сенімін арттырады. Әсіресе, ауылдық жерлерде шаштараздың қызметі – тұрғындар үшін күнделікті қажеттілікке айналған. Ауылдағы әрбір мереке, әрбір жиын – шаштараздың тынымсыз еңбегімен басталады десек, артық айтқандық емес.
Мен зейнеткер ретінде айтарым – шаштараздың еңбегі ерен. Өзім де айсайын барып, шашымды реттетіп, бір сәт өзіме көңіл бөлемін. Ол жерден тек әдемі болып шықпайсың – көңілің де көтеріледі. Әңгіме-дүкен құрып, шаштараз қыздардың шеберлігіне тәнті болып қайтамыз. Қарапайым мамандық болса да, елге қуаныш сыйлап жүргені – нағыз еңбек адамы екенін көрсетеді.
Бүгінгі таңда шаштараз болу – жай ғана кәсіп емес, бұл – өмірлік жол. Оған үнемі үйрену, жаңашылдыққа бейім болу, заманауи трендтерді меңгеру қажет. Бұл – өнер, бұл – адамға көңіл-күй сыйлау.
Еңбек адамына құрмет көрсету – ұлттың өркениеттілік деңгейінің айғағы. Осы жылы елімізде жұмысшы мамандықтарға ерекше көңіл бөлініп, кәсіптік білім беру саласы жаңғырып келеді. Жастар арасында жұмысшы болудан арланбай, керісінше, сол жолмен табысқа жетуге болатынын ұғындыру – қазіргі қоғамның басты мақсаты болуы керек.
Жұмысшы мамандық – бұл тек еңбек ету емес, бұл – елдің дамуына өз үлесін қосу, бір салада болмаса да, бір шаңырақтың шырағын жағып отырған қасиетті мамандық.
Жанылдык ЖОЛАМАНОВА,
зейнеткер
Махамбет ауданы