Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – біздің халқымыздың бірлігі мен қайсар рухының, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Бұл күн – майдан даласында ерлікпен шайқасқан батырларымызды, тылда аянбай еңбек еткен жандарды ұлықтау, олардың ұлы мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу күні.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы әскери кафедра үшін бұл мерекенің мәні ерекше. Себебі біз болашақ офицерлер мен әскери мамандарды даярлап, олардың бойына патриотизмді, Отан алдындағы жауапкершілікті және әскери борышты орындауға деген құрметті сіңіре отырып, тәрбиелейміз.

Біз үшін Жеңіс күні – тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен қатар бүгінгі бейбіт өміріміздің құндылығын бағалап, оны сақтаудың маңыздылығын айқындайтын күн.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, олардың ерлігін жас ұрпаққа насихаттауды өзіміздің азаматтық әрі әскери парызымыз деп санаймыз. Бүгінгі курсанттар мен болашақ офицерлер – кешегі ерлердің ізбасарлары, олар елімізді, жерімізді қорғауға әрдайым дайын болуы тиіс.

Оқу орнында әскери кафедра құрылғаннан бері 615 түлекке Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен «запастағы лейтенант», ал 201 түлекке Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының бұйрығымен «запастағы кіші сержант» әскери атақтары берілді.
Студенттерді әскери даярлау жұмыстары запастағы офицерлерді төрт әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады: «Әскерлер қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бөлімшелерін қолдану»,«Жалпы әскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану»,«Аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру» және «Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру».