Шоқпартоғай ауылында алғашқы STEM-кабинет ашылды

Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай ауылындағы мектепте заманауи STEM-кабинет өз жұмысын бастады. Бұл білім кеңістігі ауыл балаларына техникалық білім мен цифрлық дағдыларды меңгеруге жол ашады.

Жоба «Теңізшевройл» компаниясымен жасалған келісім аясында «Олжа» акционерлік қоғамының корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Ауыл мектебі үшін бұл – нағыз серпіліс. STEM бағытындағы идея мектептің ескі ғимараты мен қаржының тапшылығына байланысты ұзақ жылдар бойы кейінге қалдырылып келген.

— Көрші ауылдарда мұндай кабинеттер 5–6 жыл бұрын ашылған еді, ал бізде жобаны іске асыру мүмкін болмады. Енді балаларымыздың да заманауи құрылғыларда білім алуға, инженерия, робототехника және басқа да өзекті бағыттарда өзін сынап көруге мүмкіндігі бар. Бұл – бүкіл мектеп үшін үлкен қадам әрі ауыл балаларының әлеуетін ашуға зор мүмкіндік, – деді №3 мектептің директоры Шолпан Ұңғарбаева.

Кабинет 26 орынға есептелгенімен, сабақтарға барлық 600 оқушы қатыса алады. Мұнда STEAM жүйесі бойынша ғылым, технология, инженерия, өнер және математика пәндері біріктірілген. Қазірдің өзінде информатика, физика, биология, технология және бастапқы әскери дайындық сабақтары өтіп жатыр.

— Жаңа сынып интерактивті панельмен, ноутбуктармен, робототехника жиынтықтарымен және басқа да заманауи құралдармен жабдықталған. Енді оқушылар республикалық техникалық байқауларға тең дәрежеде қатысып, жеңіске жетуге мүмкіндік алады, – деді «Олжа» АҚ өкілі Дархан Жылмағанбетов.

STEM-кабинеттің ашылуы – жай ғана материалдық базаны толықтыру емес. Бұл – балалардың болашағына, олардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығына салынған инвестиция. Мұғалімдер жаңа мүмкіндіктер түлектердің заманауи әлемнің сын-қатерлеріне лайықты дайындалуына жол ашады деп сенеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT