Шетелде жұмыс жасағысы келетіндерге Атырауда орталық ашылды

Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтар үшін “Алдын ала даярлау орталығы” ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Жаңа бастама азаматтарға құқықтық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша кеңес беру мен қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығы мәлім етті. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ҚР Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев және Швейцария Конфедерациясы Елшісінің орынбасары Тобиас Вердер және Халықаралық көші-қон ұйымы, БҰҰ Көші-қон агенттігінің (ХКҚҰ) Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестіруші Серхан Актопрак, сондай-ақ қалалық, аудандық мансап орталықтарының басшылары қатысты.

- Мұнда тұрғындар құжат рәсімдеу, еңбек шарты, білім алу мүмкіндіктері мен медициналық сақтандыру, тұрғын үй мәселесі және басқа да шетелде жұмыс жасауға қатысты сұрақтарға толық жауап ала алады. Біздің басты мақсатымыз – аталған үдерістерді қауіпсіз, заңды және адам құқықтарын сақтай отырып жүзеге асыру. Атырау тұрғындары бұл орталықтан қажетті кеңестер мен қолдауды алады деп сенемін, - деді Швейцария Конфедерациясы Елшісінің орынбасары Тобиас Вердер.

Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев

өңірде шетелде жұмыс жасауға қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп келе жатқанын айтты.

- Осыған байланысты Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе отырып, әрбір шетелге шығып, жұмыс істегісі келетіндерге құқықтық, ақпараттық, сондай-ақ білім саласынан кеңес беріп, көмек көрсетуге арналған орталық ашып отырмыз. Негізінен шетелге шығудың бірден-бір кедергісі – бұл тіл мәселесі. Сондықтан қазіргі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп келіссөздер жүргізудеміз. Алдағы уақытта осы компанияның белгілі бағдарламалары аясында шетелдік индустриялды-өнеркәсіптік жобаларын жүзеге асырғысы келетіндер үшін тілді меңгеруге арналған қосымша курстар ұйымдастырылатын болады, - деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев.

Атырау облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының директоры Қайрат Омаровтың айтуынша, шетелге барғысы келетін кез келген адам онлайн түрде «skills.enbek.kz» платформасы арқылы қандай заңды және тілді білу керектігі жөнінде ақпаратты үйреніп, сертификат ала алады.

Айта кетейік, алдын-ала даярлау орталығы Халықаралық көші-қон ұйымы, Атырау облысы әкімдігі және Швейцария елшілігінің қолдауымен ашылды.

Сәуле МАҒАУ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT