ШАШТАРАЗ – ГҮЛАЙЫМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі, деп атап көрсетті. Яғни биылғы жылы жұмысшы мамандықтарға басымдылық беріліп, болардың беделін арттыру көзделіп отыр. Осы орайда, өзінің жеке кәсібін ашып, қолындағы қайшы мен тарағын серік етіп отырған миялылық шаштараз Гүлайым Қалыбекованың орны ерек.

Осы салаға келгеніне жеті жылға жуықтаған оны көпшілік жақсы таниды, қызметіне жүгінеді.

– Нәсіпті кәсіпкерліктен көруді ұйғардым. Сосын шаштараз оқуын оқып, шаш қиюдың әдіс-тәсілдерін меңгердім. Алғашында қиындықтар болды. Бірақ, алға қарай баса бердім. Еңбек ете бердім. Бүгінде сол еңбегім ақталды. Шаштараз ғана емес қыз-келіншектердің сұранысына сай бет әрлеу /макияж/ жасаймын. Қазіргі жастардың талғамы жоғары. Олардың қалауы бойынша шаштарын қиып, бояп, әрлеп беремін. Халық талғамы жоғарылаған сайын сұраныс та арта түседі. Осыған орай, мен де бір орында қалып қоймас үшін қосымша оқуға барып, шаш үлгісінің жаңа қырларын меңгеріп отырамын, – дейді кейіпкеріміз.

Ол Жангелдин ауылының тумасы. Кішкентайынан әсемдікке жаны құмар Гүлайымның шаштараз болу бала күнгі арманы. Түрліше етіп шаш өріп, сәндеуді жақсы көреді. Иә, күніне оннан аса тұрғынға қызмет көрсететін кейіпкеріміз шаш сәндеудің қыр-сырын меңгеріп, шаш қиюдың соңғы үлгілеріне дейін үйреніп алған. Қиындыққа қаймықпай еңбек етіп, кәсібін өз күшімен қолға алған нәзік жанды кейіпкеріміздің бастамасына сәттілік тілеп, еңбегінің көркейе беруіне біз де тілектестігімізді білдірдік.

Гүлмира МАҚСОТ

Қызылқоға ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT