АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Қорған-М» республикалық қоғамдық бірлестігі «Инклюзивті қоғамды дамыту» атты әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асырды.
Бастама аясында Түркістан, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында 800-ден астам ерекше қажеттілігі бар азаматқа көмек берілді. 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың қазанына дейін жүргізілген бағдарлама әлеуметтік инклюзияға бағытталған кешенді жұмыстың тиімділігін көрсетті.
- Жоба аясында ерекше қажеттілігі бар адамдар өздерін жұмыспен қамту және еңбек практикасын дамыту үшін өңірлік үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтарға 40 шағын грант берілді. Жобаға жалпы 2000 волонтер мен 200 сарапшы атсалысты.
Сонымен қатар 2 әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, оның нәтижесі жергілікті атқарушы органдар үшін тәжірибе жүзіндегі ұсынымдар әзірлеуге негіз болды, - деп жазды Мәдениет және ақпарат министрлігінен.
«Қорған-М» ұйымының бастамасымен 6 жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған 125 ерекше қажеттіліктері бар азамат пен 65 жұмыс беруші қатысты. Сонымен бірге, Enbek.kz платформасында 6 онлайн-семинар өткізіліп, оған 290-нан астам адам қатысты.
«Инклюзия дауысы» Telegram-арнасы іске қосылып, онда аудио және бейне форматтағы 20 подкаст жарияланды. Сондай-ақ жоба қатысушыларының жетістіктерін көрсететін 2 жинақ жарық көрді.
Жоба аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беруге арналған Telegram-бот (@inkluzivtik_bastamalar_bot) әзірленді. Бот арқылы 274 консультация көрсетілді.
Осындай бастамалар азаматтық қоғамның әлеуетін арттыруға, ерекше қажеттілігі бар азаматтармен жұмыс істейтін ҮЕҰ, бастамашыл топтар мен мамандардың құзыреттерін дамытуға ықпал етеді. Инклюзия мен әлеуметтік интеграция бағытындағы жобаларды қолдау – қоғамның тұрақты дамуы мен жақсы өмір сүруінің маңызды бөлігі.
Айта кетейік, мүгедекті бар балалардың ата-анасына қосымша демалыс беру ұсынылды.
https://kaz.inform.kz/news/ush-aymakta-mugedektg-bar-800-den-astam-adamga-koldau-korsetld-f62ca5/

