Сенат заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға қауқарлы орталық құру келісімін талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтіп, онда сенаторлар елімізден заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға ықпал ететін халықаралық орталық құру туралы келісімді талқыға салады.

Сенат қарайтын «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды Мәжіліс осы жылдың 24 қыркүйегінде қабылдаған болатын. Сол кезде заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов аталған келісімге Мемлекет басшылары 2023 жылдың қазан айында қол қойғанын еске салды.

    — Орталықты құруға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелерінің басшылары бастамашылық жасады. Келісім тәуекелдерді бағалайтын халықаралық орталық құруды көздейді. Ресей тарапы оның операторы және үйлестірушісі болады. Орталық қорғалған ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істеп, ТМД елдерінің қаржылық барлау органдары арасында тиімді өзара іс-қимылды, ортақ ақпараттық ресурс құруды және тәуекелдерді ұлттықтан жоғары деңгейде бағалауды қамтамасыз етеді. Орталықтың маңызды міндеттерінің бірі ақшаның транзиттік қозғалысын, активтердің орналасуын, сондай-ақ алаяқтық, бюджет қаражатын жымқыру, салық қылмыстары мен сыбайлас жемқорлық бойынша мәлімет алмасуды қоса алғанда трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметін талдау болып саналады, — деді ол.

Оның атап өтуінше, орталық қызметі трансшекара схемаларын анықтауға, оның жолын кесуді арттыруға, ТМД арасында ынтымақтастықты нығайтуға, қаржылық барлау органдары арасында жедел ақпарат алмасуға, заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға ықпал етеді.

Келісім деректерді қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ТМД-ға қатысушы елдердің қаржылық барлау бөлімшелері арасында жедел ақпарат алмасу мақсатында бірыңғай ақпараттық кеңістік пен инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар ақшаны жылыстатудың және терроризмді қаржыландырудың алдын алу және оған қарсы күрес мақсатында халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды әзірлеу және енгізу, қаржы мониторингі және қауіптерді бағалау саласындағы мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі ережелер бар. Сондай-ақ қаржы институттары, құқық қорғау органдары және басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту да қарастырылған.

Айта кетейік, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) № 131 конвенциясы ең төмен жалақы жүйесін енгізудің халықаралық стандарттарын белгілейді.

    - Бұл Конвенция 1970 жылы қабылданған және оның басты мақсаты – барлық жұмысшылар үшін әділ әрі жеткілікті ең төмен жалақы деңгейін бекіту жүйесін құру. Конвенцияның ережелері ұлттық деңгейде ең төмен жалақыны бекітетін әділетті жүйені енгізу арқылы жұмысшылардың өмір сүру деңгейін арттыруды және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді, - деді ол.

Аталған құжаттың ережелері жалақы мөлшерін белгілеу кезінде экономикалық факторлардің ескерілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ең төмен жалақыны белгілеу, қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тараптардың міндетті қатысуы көзделеді.

Ең төмен жалақыны бекіту тәртібі келесілерді қамтиды:

    Ең төмен жалақы Үкімет тарапынан немесе арнайы орган арқылы белгіленуі тиіс.

    Жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдері бұл процеске қатысуы керек.

    Белгіленген жалақы міндетті түрде орындалуға тиіс және оны бұзғандарға шара қолданылуы қажет.

Еліміз тарапынан № 131 конвенцияны ратификациялау:

    ең төмен жалақыны айқындауға Қазақстанның қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге;

    әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын нығайтуға;

    ХЕҰ-ға мүшелік аясында Қазақстанның халықаралық міндеттемелерге бейілділігін растауға мүмкіндік береді.

    - Сондай-ақ, елімізде жұмысшылардың әділетті жалақы алуға деген құқығын қамтамасыз етіп, кедейлікпен күресуге және лайықты еңбек жағдайларын орнатуға жол ашады, - деді сенатор.

Мұнан бөлек, Сенат «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

    - 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Қатарға сапары барысында Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналасуын реттеу туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің мақсаты – Қазақстан азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, - деді заң бойынша негізгі баяндама жасаған сенатор Руслан Рүстемов.

Оның атап өтуінш, Қатар тарапының өтінімдері бойынша қатарлық жұмыс беруші мен қазақстандық жұмыскер арасында еңбек шарты жасалады. Шарт екі елдің министрліктері мен елшіліктерінде тіркеледі және оның мазмұны Қатар заңымен қатаң реттеледі. Үлгілік еңбек шарт Келісімге қоса беріледі және оның ажырамас бөлігі саналады.

    Үлгілік еңбек шартында жұмыс беруші тарапынан қамтамасыз етілетін мынадай кепілдіктер көзделген:

    тұрғын үй немесе баспанаға жәрдемақы беру;

    жұмыс орнына дейін және кері қайту үшін тегін көлік немесе көлік жәрдемақысын беру;

    Қатар заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсету;

    жыл сайынғы демалысты қоса алғанда, жұмысқа орналасу және еңбек шартының аяқталуы кезінде Қазақстанға ұшуға ақы төлеу.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT