«Сауал – сізден, жауап – бізден»
Әдеттегідей, назарларыңызға сүйікті сұрақ-жауап айдарымызды ұсынамыз. Оқырмандар тарапынан неке тақырыбына қатысты сауалдар көп жолданып жатады. Бұл жолы халық көкейінде жүрген сауалдарға Атырау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Құралай Хайрошева жауап береді.
1-сұрақ: Неке қиюды тіркеу мерзімі қандай?
Жауап: Неке қиюды тіркеу мерзімі өтініш түскеннен кейін келесі жұмыс күнінен бастап күнтізбелік 15 күн.
2-сұрақ: Кәмелеттік жасқа толмаған азаматтардың некеге отыруы үшін қандай құжаттар талап етіледі?
Жауап: ҚР жеке куәлігі, түбіртек, кәмелет жасқа толмаған азаматтың ата-анасының болмаса қорғаншысының некеге отыруға рұқсат қағазы қажет болады. Бала болған жағдайда баланың туу туралы куәлігі, жүктілік болған жағдайда дәрігерлік-біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы да сұратылады.
3-сұрақ: Шетел азаматымен некеге қалай отыруға болады?
Жауап: Шетел азаматымен некеге отыруға өтініш тіркеуші орган арқылы қабылданады. Шетелдік азамат паспортының нотариалды куәландырған көшірмесі және жүріп-тұруға рұқсат қағазы қажет. Өз елінің уәкілетті органдары берген некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтаманы қоса ұсынуы шарт.
4-сұрақ: Ортақ бала болмаған жағдайда некені қалай бұзуға болады?
Жауап: Егер ерлі-зайыптылардың арасында кәмелет жасқа толмаған балалары болмаса, неке бұзу тіркеуші орган арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы онлайн берілген бірлескен өтініш негізінде жүргізіледі. Ойлануға берілетін уақыт – 1 ай. Ал, қызмет көрсету құны –7728 тг.