БІЗ – СОҒЫСТЫ КӨРМЕГЕН, БІРАҚ ТА ОНЫҢ ЫЗҒАРЫ МЕН ЗАРДАБЫН СЕЗІНІП ӨСКЕН ҰРПАҚПЫЗ. АДАМЗАТ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ШЕЖІРЕНІҢ ЕҢ ШЕРЛІ БЕТТЕРІНІҢ БІРІ – ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ЗҰЛМАТЫ АРТТА ҚАЛСА ДА САНАДАН ӨШЕР ЕМЕС. ОСЫ КЕЗГЕ ДЕЙІН ІРІЛІ-УАҚТЫ ОН БЕС МЫҢҒА ЖУЫҚ СОҒЫС ӨТКЕН ЕКЕН. БІРАҚ СОЛАРДЫҢ ІШІНДЕ ҚҰРБАНДАРЫ МЕН АЛАПАТ АУҚЫМЫ ЖАҒЫНАН ЕҢ ЖАНТҮРШІГЕРЛІГІ ОСЫ - БІРІМІЗ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ, ЕНДІ БІРІМІЗ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ДЕЙТІН ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН.
Сол қанды қасаптың жер жаһанды жалмай жанған өрті өшкеніне 80 жыл. Арада қаншама уақыт өтсе де жүрекке түскен жарақат әлі күнге жазылар емес. Өйткені, елімізде соғыс қасіреті шарпымаған бірде-бір отбасы жоқ. Қаншама жас жігіт ерте солған гүлдей майдан даласында мерт болды. Хабар-ошарсыз кеткендер мен еріксіз тұтқынға түсіп, азап лагерінің қасіретін шеккендер қаншама?! Соғыстан қайтқан солдаттар мен мәңгілік алауға айналған боздақтардың ұрпақтары – бүгінгі замандастарым олардың ерліктерін ешқашан ұмытпайды. Менің екі бірдей атам Байдәулетов Бидолла мен Қабдолла Теңіз аудандық әскери комиссариаттан соғысқа аттаныпты. Екеуі де майдан даласында мерт болды, «Боздақтар» естелік кітабында бірінің қаза тапқаны, екіншісінің хабарсыз кеткендігі туралы деректер бар. Бидолла атамыздың Атырау қаласында тұратын қызы Мәрия апамыздың сұрау салуымен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары әкесі, кіші лейтенант Б.Байдәулетовтың 1943 жылы Курск қаласын азат ету кезінде қаза тапқаны, денесі сондағы Бауырластар зиратына жерленгендігі анықталды. Кейіннен артында қалған ұрпақтары Курскіде болып туған жердің топырағын апарып салады. Одан кейінгі жылдарда боздақтың жесірі, Аққалақ әжемізге пионерлерден құттықтау үзбей келіп тұрыпты. Ғаламтордың «Память народа» іздеу сайтынан атамыздың 1942 жылы 4 желтоқсанда 60-шы армияның жеке құрамының бұйрығы негізінде 206 атқыштар дивизиясы 722 атқыштар полкінің взвод командирі, кіші лейтенант Бидолла Байдәулетов «За отвагу» медалімен наградталғаны, 1943 жылдың 1 ақпанында Быково селосы маңында оққа ұшқаны туралы деректерді кезіктірдім. Өкінішке қарай, Қабдолла атам жайында ақпараттар шықпады.
Нағашы атам Әнуар Нәжімұлы да осы сұрапыл соғыстың қақ ортасында болып аман келгендердің бірі. 1940 жылы 14 қаңтарда Теңіз аудандық әскери комиссариатымен Қызыл армия қатарына шақырылып, қысқа дайындықтан соң фин соғысына аттанады. № 258 гаубица артиллериялық полкінде атқыш ретінде ұрысқа кірген кешегі қыр қазағы әскери тәртіпке жылдам үйреніп кетеді. Қолды-аяққа тұрмай ажал оғын себетін зеңбірекке снаряд тасып, командирдің бұйрығын мүлтіксіз орындап отырады. Бірауық атыс алаңын өзгертіп, ауыр зеңбіректі сүйрелеп Суоми жерінің майлы батпақты топырағын біраз кешеді. Абыройы болғанда қысқа мерзімдік бұл соғыс та аяқталып, ол қызмет ететін құрама батыс Украина жеріне тұрақты дислокация орнына көшіріледі. Міндетті әскери қызметін өтеу кезінде Ұлы Отан соғысы басталып, неміс басқыншыларының жолында тұрған әскери құрама алғашқылардың бірі болып анталаған жауды зымыранмен қарсы алады. Кеңестік жауынгерлерге фашистердің тегеурінін тежеу мақсатында шегіне шабуылдау бұйрығы беріледі. Осылайша, оқ пен отқа оранған мазасыз түндер мен күндер кезектесе жалғасып жатты. Жақыннан жарылған жау снарядының салдарынан жеңілдеу контузия алып, құлағының есту қабілеті нашарлайды. Оны елең қылмай жүргенінде 1942 жылдың қаңтарында аяғынан жарақат алып, далалық лазаретке түседі. Емделіп шыққан соң медициналық комиссияның шешімімен ұрыс қимылдарына жарамай, шаруашылық взводына ауыстырылады. Қосалқы құрамамен негізгі күшке ілесе жүріп, жорық жолдарының біразынан өтті. 1945 жылдың желтоқсанында әскер қатарынан босап елге оралады. Соғыстағы қаһармандығы үшін «За победу над Германией», «20 лет Победы в ВОВ», «30 лет Победы в ВОВ», «40 лет Победы в ВОВ», «60 лет ВС СССР», «70 лет ВС СССР» мерейтойлық медальдарымен, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Еңбек майданына араласқан ол «Жаңа жол» ұжымшарында, оның ізінде құрылған Калинин атындағы кеңшарда жұмысшы болып еңбек етті. Еңбекшідегі алма бағын дәнегінен бастап отырғызып, жайқалтып шығарғандардың бірі. Бірнеше жыл осында звено жетекшісі болды. 1979 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. 1947 жылы Нұрғалиқызы Жібекпен жанұялық одақ құрып, өмірге 12 ұрпақ әкеліп, оның 8-ін адам асыл етті. Нағашы атамның соғыс уақытында үйренген етікшілігін, ағаш ұсталық өнерін бейбіт күнде де кәдесіне жаратты. Оның теріні илеп дайындаған шоңқайма етігін киіп өстік дегендер күні кешелерге дейін арамызда болды. Шебер қолынан шыққан бесігіне жатқандар да көптеп саналады. Домбыра да жасапты, ағаштан шілтерлеп жасаған мұсылман бейіттері біраз қорымдарда міні құрамай әлі тұр. «Шебердің қолы ортақ» дегендей, осылай ауыл-аймаққа атағы шығып жүрді. Өңірімізге әйгілі зергер ұста Имамұрат Кәрімұлы қартайған шағында «сен де қолы ұсынақты адамның бірісің көрігіме иелік ет, артымда иесіз қалып барады, бір кәдеге жаратасың ғой» деп қолқа салыпты. Алайда нағашым «көрік деген киелі болады, мен ағаш жағына болмаса темірге жоқпын ғой» деп жүрегі дауаламай бас тартыпты. Кейіннен көріктің орны тып-типыл тегістелгенін көргенде біразға дейін осы ісіне өкініп жүріпті. Үлкендердің айтуынша, кезінде көріктің көмегімен көп нәрсе тындырылыпты ғой. Заман алға жылжыған сайын мұндай құндылықтар да ұмытыла бастайды. Сол нағашым Жеңістің 50 жылдығын тойлаймыз деп бүкіл ел дүрлігіп жатқанда 1995 жылы 26 сәуірде дүниеден озды. Жарты Еуропаны жаяу жүріп өткен майдангер Жеңіспен оралып, соғыс тұралатқан тұрмысты бүтіндеуге атсалысқан Әнуар Нәжімұлы ұрпақтар санасынан өшпейді.
Болат БИДОЛЛАЕВ,
Жұмекен ауылы