Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Аna tili» газетінде жарияланған «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында өткен жылдың қиындықтарымен бірге жемісті жыл болғанын атап өтті.
Сұхбат барысында тіл мәселесінің кім-кімді ойландырып, толғандырар жайт екендігіне тоқталған Мемлекет басшысы «Дүние жүзінде жеті мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымыз¬ды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді» деп сан ғасырдан бері халықпен бірге жасап келе жатқан қазақ тілінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, тіні ажырамаған ұлттық құндылық екенін атап өтті.
Шындығында кешегі кеңестік дәуірде біраз тепірешті бастан өткерген қазақ тіліміз көптеген әлем тілі секілді жойылып кету қаупі туындады. Орыстандыру, интернационалдық тәрбиенің кеңінен етек алуы қазақ халқын өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан қол үзуіне әкеліп соқтырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақ тілі мемлекеттік тілге айналып, қолдану аясын кеңейтті. Бүгінгі күні өз тілінде сөйлейтін қандастарымыздың саны артып келеді. Ұлттық құндылығымыздың ең бастысы – ана тілі екені белгілі. Тіпті дініміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз, ұлттық өнеріміз, барлық рухани байлықтарымыз тіл арқылы сақталып, баяндалатыны баршамызға айқын. Сондықтан қазақ тілін қадірлеп, қастерлеу баршаның алдында тұрған міндет, азаматтық борыш.
Қайырбек БАЙМҰРАТОВ,
облыстық мәслихат депутаты