Міне, жыл соңына да таяп қалдық. Биыл еліміз үшін айрықша маңызға ие кезең болды – 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, ел назарын нағыз еңбек майталмандарына бұрды. Жыл бойы біз маңдай терін төгіп, қоғамның тіршілігін үнсіз атқарып жүрген жұмысшы жандарды жазып, олардың еңбегіне жаңа қырынан қарадық.
Бұл – қарапайым еңбек адамын ұлықтаудың, оның қоғамдағы мәртебесін қайта айқындаудың тарихи қадамы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бастама техникалық және кәсіптік білімнің құнын арттырып қана қоймай, елдің болашақ дамуына тың серпіліс беруге бағытталды.
Еліміздің әр өңірінде жастарды жұмысшы мамандықтарына қызықтыру, сұранысқа ие салаларға жол ашу, еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында нақты жобалар жүзеге асуда. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ғана емес, елдің басты тірегін — еңбек адамын қайтадан қоғам ортасына шығарудың жолы.
Техникалық білімді кеңінен насихаттау, қажетті мамандықтарға гранттар бөлу, колледждер мен өндіріс орындары арасындағы байланысты күшейту – мұның барлығы жұмысшы мамандығына деген құрметтің жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады.
Қазіргі қоғамда кәсібін адал атқаратын жұмысшыға деген сұраныс та, сенім де орасан. Өйткені ел экономикасының іргесін ұстап тұрған – дәл осы өңірлерде маңдай терімен тіршілік етіп жүрген қарапайым, бірақ орны бөлек мамандық иелері. Қысқасы, биылғы жыл – еңбек адамын қайта танып, оның қадірін терең сезінген жыл болды.
Осы жалпыұлттық бастаманың берекелі лебі киелі Нарын топырағында да сезіледі. Бұл өңірде маңдай терімен адал еңбек етіп, өз ісінің абыройын асқақтатып жүрген қарапайым мамандық иелері көп. Олар елге теледидардан танымал болмаса да, туған өңірінің тұрғындары үшін «еңбектің ерен тұлғалары». Бірі – таң ата егін басында, бірі – жол жөндеуде, енді бірі ұстаханасында өз ісін мінсіз атқарып, ел игілігін арттырып жүр. Артық даңқ пен атаққа әуес емес, бірақ қолының ізі жердің құнарын арттырып, тіршіліктің тынысын дамытып келеді. Олардың әрқайсысының өмір жолы – төзім мен табандылықтың, еңбекке деген шексіз құрметтің айқын үлгісі. Сондықтан да «Жұмысшы мамандықтар жылы» Исатай өңірінің өз ісіне адал азаматтарының еңбегін бағалауға, олардың қоғамдағы орнын айшықтай түсуге үлкен мүмкіндік береді.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


