Өркендеуге бастайтын он жеті жоба

Соңғы жылдары елімізде отандық өнімді көбейтуге мән беріліп келеді. Бұл заман талабына сай дамуға бағытталған оң үрдіс. Сапалы отандық өнім – кіріс көзі. Сыртқа шикізат түрінде шығарсақ арзан бағамен кетеді.  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының үшінші бағытында:

«Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды», деп атап көрсеткен болатын. Бұл бағыттың маңызды элементтерінің бірі – жоғары өнімді және экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту. Мемлекет басшысы атаған 17 ірі  жобаның инвестиция көлемі 15 трлн теңгеден асады. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылады, экспорт  6 трлн теңгеден асады, 1,5 трлн теңгеден астам сомаға ипорт алмастырылады, жоғары технологиялық өндірістерді құруға, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға жағдай туғызылады, отандық өндірушілермен келісімшарттар жасасуға ықпал етеді деп күтілуде. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру үшін өңдеу секторының негізгі ірі жобаларының тізбесін айқындады. Оған металлургия, химия, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау және басқа да салалардың 17 жобасы кірді. Олар өндірістік салалардың және экономиканың дамуына ықпал ететін болады. Әрбір жоба бойынша тиісті іске асыру жоспары қабылданды. Көп адамдар біле бермейтіндіктен енді сол жобаларға қысқаша тоқталып өткеніміз артықтық етпес.

Ыстық брикеттелген темірді қайта өңдеу арқылы болат құю өндірісі 100% шикізат базасымен  2 млн. тоннаға дейін қамтылады.  Екіншісі – жаңа өндіріс орнын ашу және қолданыстағы өндірісті жаңғырту, бұл болат өндірісін жылына 3 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туғызады. Үшіншіден – мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 24 млн тоннаға дейін арттыру және мұнай өнімдерін өндіруді жылына 13,4 млн тоннадан 19 млн тоннаға дейін ұлғайту үшін мұнай өңдеу қуаттарын жаңғырту көзделуде. Импортты алмастыру шеңберінде калий тыңайтқыштарын өндіру – толық өндірістік қуаты іске қосылған кезде – жылына 6 млн тоннаға жетеді. Қазіргі күні оның басым бөлігі сырттан  әкелінуде. Жобада көрсетілгендей жылына 1 250 мың тоннаға жуық полиэтилен өндірісін іске қосу – бұл ішкі сұранысты қанағаттандыруға және логистика, сауда, азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс пен әскери-өнеркәсіптік кешен салаларында экспортты қолдауға мүмкіндік береді. Жылына шамамен 735 мың тонна полиэтилентерефталат өндіру, бұл ішкі сұранысты жабады және экспортты қамтамасыз етеді (ішкі сұраныс – 77,4 мың тонна, экспорт – 657,6 мың тонна). Тағы бір ірі жоба – химия өнеркәсібі өндірісін әртараптандыру үшін жылына 577 мың тоннаға жуық карбамидтің жаңа өнімін шығару жолға қойылады. Екі зауытта жылына 160 мың автокөлік шығару арқылы автомобиль өндірісін локализациялауды 10%-дан 50%-ға дейін арттыру қаралған. Туризмді кластерлік дамыту (сауда, көлік және қызметтер), бұл іскерлік және инвестициялық қызметті ынталандыруға жол ашады. Қосылған құны жоғары азық-түлік өнеркәсібі өнімдерінің экспортын ұлғайту, яғни, 352 мың тонна желімтек, 110 мың тонна крахмал, 30 мың тонна глюкоза, 45 мың тонна фруктоза өндіруде 17 жобаның ішінде барын айта кетейік.

Ал, 2024 жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасын іске қосып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Өндірістің жалпы көлемі 1,6 трлн теңгені, экспорт – 600 млрд теңгені, импортты алмастыру – 1 трлн теңгені құрайды. «Жалпы өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер айқын. Біз шикізатты емес жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда ғана табыстың көбісі елімізде қалады, экономиканың күрделілігі өседі» деген болатын премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің отырысында. Міне, Жолдауда аталған осы 17 жоба толықтай іске асса Қазақстанды өркендей түсуге бастары анық. 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT