Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды.
– Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді, – деді Президент.
– Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.