ПЕНДЕЛІКПЕН ҰМЫТҚАНДА ТӘУБЕҢДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуы аса маңызды. Өйткені Жолдауда атап көрсетілген мәселелер ел экономикасының қарышты дамуын, халықтың жағдайының жақсаруын, Қазақстанның әлемде беделді, бәсекеге қабілетті болуын көздейді. Мәселен, Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», – деп айтқан еді. Соның ішінде қос жанарынан айырылса да, өмірге деген құлшынысы ортаймаған жандар ел қатарлы өмір сүруде. Олардың қатарында білім алып, шығармашылық табыстарға жетіп, еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргендері де жетерлік.

Жыл сайын қараша айының он үшінші жұлдызы – Бүкіләлемдік зағиптар күні ретінде аталып өтіледі. Бұл мереке маңдайға жазылған қиындыққа мойымай, жігерлі қасиетімен алға қадам басқандардың қоғамның толыққанды бір мүшесі екенін сезінуіне мүмкіндік берері сөзсіз. Атаулы күнге орай аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Шырағың сөнбесін» атты сазды бағдарлама өтті.

Өнерпаздар Ә.Үмбетов, Г.Жолаева, А.Бекболатұлы, Г.Тастанбекова, Т.Базарбаев, Т.Рахым, Ж.Бекей, К.Кенжеалиева, Д.Қалмурзин, Р.Шамбузов, Т.Хами, Б.Қапаров, Е.Зарип, Г.Жұмабаевалар әннен шашу шашып, көрермендерге ерекше көңіл- күй сыйлады.

Шара соңында мүгедектік ісі жөніндегі аудан әкімінің көмекшісі Ж.Түгелбаев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Пазулов өнерпаздарға алғыстарын білдіріп, «Қазақ соқырлар қоғамы» Атырау облыстық филиалының төрайымы Маржан Ерғалиева және «Құрманғазы» мәдениет сарайына қарасты соқырлар клубының мүшесі, өнерпазы Камила Кенжеалиеваға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Өз кезегінде Маржан Ерғалиева да ұйымдастырушыларға рахметін айтып, қоғамдық бірлестік атынан «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры Е.Идрисовке және Э.Файзуллаеваға, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының басшысы, жеке кәсіпкер Н.Томановаға Алғыс хат ұсынды.

...Ай мен күнге өптіргенге шекеңді,

Көлгірсисің, көрмедім деп шетелді.

Тәубеңе кел, шетел түгіл зағиптар,

Көре алмайды өзі туған мекенді, - деп ақын Мейіржан Әлібеков жырлағандай, тағдырдың жазуымен көзінің нұры тайса да, көңіл сарайы сайрап тұрған зағип жандарға қарап, сіз де оларға арман болған қолдағы бақытымыздың бағасын біліп, қадірін ұғына алып жүрмін бе, деп ойланарыңыз сөзсіз!

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT