16-20 сәуір аралығында ересектер арасындағы Қазақстан кубогының бірінші туры Атырауда, ал екінші туры Астанада қазан айында өтеді. Спорттық доданың қатысушылары БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келеді деп жоспарлануда. Бұл туралы параволейболдан ҚР Ұлттық және облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл төрт жылда бір өтетін Қазақстан спартакиадасы, сондай-ақ маусымда Қытайдың Ханджоу қаласында Азия чемпионаты және қазанда АҚШ-та әлем кубогы өтеді. Осыған байланысты спортшылар қызу дайындық үстінде.
Ұлттық құрама 2024 жылы Париждегі Паралимпиада ойындарында үздік сегіз команда ішінен бесінші орынды қанжығылады. Сонымен қатар 2022 жылы өткен Азиядағы параойындардың күміс жүлде иегерлері. Одан бөлек облыстық команда былтыр 13 дүркін Қазақстан чемпионы атанды.
Бас бапкердің айтуынша, жерлес спортшылар Ұлттық құраманың 80%-ын құрайды және әлемде параволейболдан 78 құрама болса, еліміздің құрамасы рейтинг бойынша бесінші орында тұр.
- Бүгінде елімізде 800 мың шамасында мүмкіндігі шектеулі адам болса, оның 17 % балалар, ал аймақтағы 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанның 15-20% балалар. Оларды өздері таңдаған спорт түріне бейімдеуге дайынбыз. Мүгедектер клубында жиырма шақты спорт түрінен тегін үйірмелер қарастырылған. Мұндағы азаматтар спорт арқылы денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғамнан өз орындарын табады, - деді Б.Тахауов.
Бас бапкердің сөзінше, былтыр аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің қолдауымен конкурс арқылы спортшылардың жалақысы көтерілді. «Бұл жер жай ойын алаңы емес, түрлі тағдыр тоғысқан, рухы мықты адамдардың ортасы» деді ол.
- Спортта жүргеніме 23 жылдан асты. Спорт болған соң жеңіліс пен жеңіс бірге жүреді. Жарысқа кеткенде артыңда қалған ең басты жанкүйерлерім — отбасым мен достарым. Онымен қоса тұтас бір елдің намысын қорғау үшін барымды саламын, - деді параволейболшы Расул Иманғалиев.
Споршылардың басым көпшілігінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар. Аптасына бес күн 3-4 сағаттан жаттығады. Оларды тасымалдауға автобустар қарастырылған. Сондай-ақ жылына екі мәрте тереңдетілген медициналық тексеріс жүргізіліп тұрады.
Айта кетейік, Ұлттық құрама 2023 жылы Астанада өткен халықаралық Азия чемпионатының финалында Қытай командасын ұтып, Париждегі паралимпиада ойындарына 28 жыл дегенде жолдама алған. Ендігі үлкен мақсат — 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін паралимпиадаға қатысып, жоғарғы орыннан көріну. Бүгінде оған дайындық басталып та кетті.