Бұл – оқушыларға компьютер тілі мен роботтехниканы ойын түрінде үйрететін платформа. Ол мектептегі сабақ үдерісіне кедергі келтірмей, мұғалім мен оқушының бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жақында ғана «CodiPlay» edtech-стартабы «Series A» қаржыландыру раунды шеңберінде 9 млн доллар инвестиция тартты. Отандық өнім осылайша, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Қатар нарығына шыға алады. Компания осы өңірлерде екі жыл көлемінде 3000 мектепті қосуды жоспарлап отыр.
«Инвесторлар тарапынан көрсетілген қолдауға дән ризамыз. Осындай қолдау арқылы біз қарқынды дамып, MENA өңірінде шешімдерімізді сәтті енгізуге мүмкіндік алдық. Мектептегі заманауи оқыту қолжетімді әрі тиімді бола түспек. Біз балалардың IT салаға ынтасын анық көріп отырмыз. Олар біздің әдістемеміздің арқасында бағдаршамды жобалай алады, шлагбаум жүйесі қалай құрылғанын біледі, сонымен қатар ақылды үйдің жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсінеді. Осындай шешімдер арқылы оқушылардың диджитал дағдылары артып жатыр», деді жобаның негізін қалаушы Жанәділ Талдыбаев.
Астана, Алматы қалаларының мектептерімен қоса, Түркістан облысы Келес ауданы, Ақтөбе облысы Хромтау ауданы және Қаскелеңдегі мектептер де заманауи әдістемемен цифрлық сауатын арттырып жатыр. Балалар «CodiPlay» көмегімен IoT-гаджеттер негізінде құрылғыларды өз бетінше құрастыра алады.
Айта кетейік, «CodiPlay» – 2021 жылы құрылған стартап. Содан бері аталған жоба Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия секілді ұзын-ырғасы 13 мемлекеттегі 600-ден аса мектепті қамтыды. Компания Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық қоғамдық игілік ретінде бағасын алып, Финляндияның Білім беру альянсының фин сапа сертификатымен белгіленді. Қазіргі кезде «CodiPlay» жобасының құны 100 млн долларға бағаланып отыр. Бұл – елімізде құрылған білім саласындағы (EdTech) компаниялар арасындағы рекордтық көрсеткіш.