Оқу бағдарламасы «Таза Қазақстан» құндылықтарымен толықтырылуда

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Жұлдыз Сүлейменова елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық сипат алған «Таза Қазақстан» идеясын білім беру жүйесіне енгізу бағытында кешенді жұмыстарды бастады.

 Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңесте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.

 

Министр бұл бағытта «Таза Қазақстан» бастамасы тұлға тәрбиесімен ұштастырылып, білім мазмұны жаңа құндылықтармен толықтырылатынын жеткізді. Жаңартылған оқу бағдарламаларына экологиялық мәдениет пен тұрақты даму мазмұны енгізілді. 

Жаратылыстану, физика, химия, биология, география, тіл мен әдебиет, адам және қоғам, технология және өнер пәндерінде экологиялық мәселелер, табиғатты қорғау, энергияны үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы зерттеу дағдылары кеңейтілді. Бұл өзгерістер оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыратын мінез-құлықты қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді.

 

«Біз бүгінде білім саласында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Оның негізінде – Заң мен Тәртіп, Еңбек адамы және «Таза Қазақстан» идеясы жүзеге асырылады. Үш идея қоғамды топтастыруға жұмыс жасайды. Ең алдымен, жаңа мазмұн сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта мектеп және мектептен тыс шаралар арқылы бұрынғыдан кең форматта жүзеге асырылады», - деді министр.

 

Министрлікпен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында алты әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жастар арасында «Таза Қазақстан» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылды. Тұжырымдама аясындағы кешенді жұмыстарға оқушылармен бірге ата-аналар да белсенді түрде тартылуда.

 

Бүгінде «Жасыл балабақша» жобасымен 186 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, мектептерде 125 мыңнан астам оқушыны қамтыған 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» белсенді қызмет атқаруда. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, азаматтық жауапкершілікті арттыруға арналған 40 мыңнан астам баланы қамтитын жас натуралистер мен жас туристер станциялары бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT