Оңдасынның оңды ісі

Маңдай терін туған жерінің топырағына төгіп, бар еңбегін еліне сіңірген, саналы ғұмырын елге еткен еңбегімен сабақтай жүрген жандарды аз кездестірмеппін. Ондай жандар туралы биылғы "Жұмысшы мамандықтар" жылында айтылып, жазылудан кенде емес.  Сондай жандардың бірі – тұщықұдықтық Оңдасын Серікұлы Махатов. Оның қарапайым еңбекпен өрілген, соның биігінен көрінген өмір жолына зер сала отырып, ол баста Оңдасын деген есімі де тегін қойылмағаны-ау деп топшылайсың.

Оңдасынның балалық, жасөспірім шағы ауыл тіршілігінің қоңыр әуенімен өрілді десе болады. Өйткені ауыл-елге «Түйеші Серік» атанған әкесі Серік Махатұлы жаз киіз үймен жайлауға шығып, қыс қырдағы қыстауды қоныс ететін Чапаев атындағы кеңшардың белгілі малбегілерінің бірі еді. Отбасындағы алты ұл-қыздың үшіншісі болып өмірге келген оның көзін ашқанынан көргені бағымындағы малдың қамымен қысы-жазы тынымсыз тер төккен малшы өмірі, дала еңбеккерлері болды. Ол уақыттағы малшы ағайындар да бір шаруашылықтағы шаруаның қамында бір-бірімен мидай араласып, қазандары да бір-біріне қарап қайнап, әр отбасының тірлігі де ортақ мүдде тұрғысында тоғысатын. 

Ауыл баласында қала балаларындай ұйқысы қанғанынша жату қайда, үлкендер шаруа қамымен апы-күпі киініп, ертелетіп шаруаға шыққалы жатқанында көздерін тырнап ашқан бұлар да тұрып кететін. Боздаған боталар мен ыңырсыған сауын інгендер үні Оңдасынның құлағына бала кезінен сіңісті болып қалған. Өйтпегенде ше, басқа бауырларына қарағанда ол жасынан-ақ шаруаға ыңғайлы болып жетілді. Үлкендерге оның қай істі болсын алдымен ойланып алмай бастамайтыны ұнайтын. Бұл оны бара-бара тындырымдылыққа, тиянақтылыққа дағдыландырды.

1981 жылы кеңшарда механизатор болып еңбек жолын бастаған Оңдасын әскер қатарындағы азаматтық борышын өтеп оралысымен еңбек жолының жаңа белесіне қадам басты. Сөйтіп 1984 жылдан бастап Чапаев атындағы кеңшардың түйе бақташысы болып жұмысына кірісті. Бұл кәсіп жай мамандықтың бірі емес, ата-бабадан қалған қасиетті мұра десе болатын іс еді. Өйткені түйе дегеніңіз қазақ үшін көшпенді тіршілігінің алтын арқауы, берекенің нышаны болып келгені белгілі.

Шөл даланың ыстығы мен суығына бірдей төзімді бұл түліктің бағымын үйлестіріп, басын көбейту шыдамдылық пен төзімділікті ғана талап ететін. Ал Оңдасын осының бәрін балаң шақтан бойға дарытқан азамат-ты.

 

 

1986 жылдан аға түйеші болып тер төкті ол. Түйенің жайын білмейтін адам үшін бұл кәсіптің қаншалықты күрделі екендігін түсіну де қиынға соғатыны анық болатын. Алайда бала кезінен бойға дарыған әлгі бір қасиеттер жаздың аптабында кең даланың ен өрісіне жайлап кететін ұзын аяқты түлікті түгендеп, қадағалауда, қыстың қақаған аязында да малдың қамын күйттеп, ой мен қырды кезуде мұның серігі болған сенімі мен қажытпас мықтылығын мұқата алмады. Сол табанды тірлігі мен ерен еңбегінің арқасында ол қатарластары мен ауылдастары арасында құрметке бөленді. Елеусіз қалмаған еңбек оны марапаттарымен марқайтты. Соның қайсыбіріне тоқтала кетсек, еңбекқор жас бақташы БЛКЖО (ВЛКСМ) Орталық Комитетінің Құрмет грамотасын иеленді. Ол Қазақстан комсомолы XVI съезінің делегаты атанып, жас еңбек озаттары атынан сөз сөйлеу мәртебесіне ие болды. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалін иеленгендердің қатарында Оңдасын да бар еді. Еселі еңбегі нәтижесінде 2007 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен марапатталды.

Еңбекқор да талапты жан өзін еңбектің басқа саласында да сынап көрді. Алматы малдәрігерлік институтында сырттай оқып жүріп Тұщықұдық селолық округінің кассирі қызметіне тағайындалды. Ауыл шаруашылығындағы қарапайым еңбектен қаржылық салаға ауысқанымен жауапкершілік пен адалдық оның басты серігі болып қала берді. Кейін аудандық сақтандыру бөлімінде инспектор болып жұмыс жасап, ауылдастарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысты. 

Жекешелендіру жүріп, ауданда шаруа қожалықтары өмірге келе бастағанда, 1992 жылы өз алдына жеке «Оңдасын» шаруа қожалығын құрып, сүт бағытындағы түйе шаруашылығын өркендетуді қолға алды. Оның бұл бастамасына бұрынғы жылдардан жиған бай тәжірибесі де қолдау болды, мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, өрісін кеңейтті. Әкенің жолын жалғай жүріп атакәсіпті қайта түлетті ол, бағымындағы түйесінің басын да көбейтті. Ізденісті ісінің нәтижесінде ауданнан тыс жерлердегі шаруашылықтардан нар түйелер де сатып алып, сүт, ет өнімдерін молайтты. Сол еңбегінің арқасында шаруаға қажетті техникаларға да қолы жетті. Сөйтіп туған ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып қана қоймады, жас кәсіп иелеріне үлгі де болды.

Қазақта «от басы – ошақ қасы» деген қасиетті де қадірлі ұғым бар емес пе? Серік әке мен Жансая ананың түтіні түзу ұшқан шаңырағында тағылымды тәрбиеге қаныға жетілген Оңдасын да шаңырақтың биіктігі мен түтінінің түзу ұшуы отбасындағы ынтымақ пен сыйластықтан болмағын санасында сақтап, саралай жүрді. Ғұмыр көшіндегі отбасылық өмірде осы бір ұстанымынан айнымаған азамат үш перзентін де жастайы-нан еңбекке баулып өсірді, оқытып-тоқытты. Бүгінде олардың бәрі де әр салада жемісті еңбек етуде.

Осындай отба-сының ұйытқысы болып, шуағын көбейтіп, жылуын молайтып отырған зайыбы Шұға Орынғалиқызы болса шаруа ауылдың қоңыр тіршілігін бірге көтерісіп, жарына өмірлік серігі ғана емес, сырласы да болып келе жатқан келісті жан. Келісті деуіміздің де келісі бар, қазақ әйеліне тән қарапайымдылық, сабырлылық, ибалылық пен тектілік отанасының бойынан айқын аңғарылады. Бүгінде бірі ата, бірі әже де атанып отырған олар өмірлік өнегелері барша ұрпақтарына үлгі болып дарып жатқанына сенімді, сол үшін де оларды еңбекке үндеп, жақсыға жетелеп отырады.

-Әкем Серік пен анам Жансая тамыры тереңге бойлаған еңбек жолы мен тағылымға толы тағдыр иелері болды. Олар - сонау 1969 жылдан бастап кеңшарда түйе бағып, тіршіліктің шынайы бейнесін адал еңбектерімен айқындаған жандар. Әкем сұрапыл соғыс өртін кешкен майдангер ғана емес, елге еңбегі сіңуімен де абырой биігінен көрінді, анам тек отбасы емес, қоғамның тірлігіне де араласып, халық қалаулысы болу арқылы да ауылдастарына сыйлы болды. Түйе сауып, шұбат дайындап өткізу олардың күнделікті өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналғанын көріп, көңіліме түйіп өскеніме әлі күнге дейін марқайып отыратыным бар. Жалпы, еңбекпен есейген жандар өзіне өнеге болғандарға қарыз деп есептеймін, ал сол өнегені кейінгі жасқа көрсете білу оларға парыз деп білем. Бұл да менің өмірлік ұстанымымның бірі,-дейді Оңдасын Серікұлы.

«Еңбек ер атандырады» деген сөз де бекер емес. Бағын да, бабын да, тағын да еңбектен тауып, «Қазақстанның алтын кітабына» да енген Оңдасын Махатов жуырда тағы бір марапат иесі атанды. Өткен аптада облыстың ауыл шаруашылығы саласы бойынша өткізілген жылдың қорытынды жиналысында облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев озат шаруагерге «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті (суретте 1-бетте). Бұл шаруасы оңға басқан еңбекқор шаруагердің мерейі үстей түскен шырайлы бір сәті болды.

 

 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT