"Нұрайдың" келешегі нұрлы

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖАРИЯЛАНҒАН «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕК АДАМДАРЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУГЕ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ МАҢЫЗЫН КӨРСЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАНДЫҒЫ БЕЛГІЛІ. ОСЫ РЕТТЕ БАЛА ТӘРБИЕСІМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮРГЕН МАМАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ДЕ ОСЫ ЖЫЛЫ ЕРЕКШЕ НАЗАРҒА ІЛІНЕРІ СӨЗСІЗ. ӨЙТКЕНІ, ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАЙТЫН ЖАНДАРДЫҢ ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ ЕКЕНІН АЙТЫП ЖАТУДЫҢ ӨЗІ АРТЫҚТАУ ШЫҒАР. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ БЕРУ ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БІЛІМІНІҢ ТЕРЕҢДІГІМЕН ӨЛШЕНЕДІ. БІЛІМДІ, ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАБІЛЕТТІ ҰРПАҚ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС ҚАЗЫНАСЫ. ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ ТӘРБИЕСІ АЛДЫМЕН БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ. БІЗДІҢ ӨҢІРДЕ ДЕ БАЛАНЫ ЖАСТАЙ ЖАҚСЫҒА ҮЙРЕТІП, МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДАЙТЫН ОРТАЛЫҚТАР БАР. СОЛАРДЫҢ БІРІ – АҚКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ «НҰРАЙ» БӨБЕКЖАЙ БАЛАБАҚШАСЫ.

Мектепке дейінгі білім ордасының меңгерушісі Динара Сәрсембиеваның мәліметі бойынша Атырау облыстық білім беру басқармасына қарасты коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының құрылысы «Каспий құбыр консорциумы» акционерлік қоғамының демеушілік қаражаты есебінен тұрғызылыпты. Балабақша 2021 жылдан бастап өз жұмысын бастады. «Нұрай» бөбекжай балабақшасында 2024- 2025 оқу жылында 218 бөбек 12 топқа бөлініп тәрбиелену үстінде. 290 орындық балабақшада оқу, демалу бөлмелерімен қатар, бір- бірден бөлек дене шынықтыру және музыка залдары бар. Балабақша ұжымында 38 педагог, 41 қызметкер бар. Оның ішінде жоғары білімдісі – 25, арнайы орта білімдісі – 13, педагог сарапшы – 2, педагог- модератор – 13. Балабақшадағы барлық іс-шаралар ата-аналар қоғамдастығының қатысуымен өткізіледі. Бейнекамералардың жалпы саны – 38, оның 32-сі – ішкі камера, алтауы сыртқы жақты бақылайды.

Балабақша – баланың ең алғашқы тәрбие ошағы. Мұнда балалар тек әріп пен сандарды үйренбейді, ең алдымен, адами құндылықтарды бойына сіңіреді. Қазіргі таңда көпшілік баламен жұмыс істеу оңай емес деп жатады. Бірақ, шын мәнінде, бұл жұмысты сүйетін адамдар ғана бала жанының бағбандары бола алады. Мұнда әр баланың қамын ойлап, олардың мейірім мен жылулыққа бөленуіне күш салынады. Тәрбиеші – бүлдіршіндерге бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы. «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады» деп қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай, баланың жүрегіне жол табу, бүлдіршіндердің бойындағы дарынын ашу – педагог тәрбиешінің міндеті. Балабақшадағы сәбилерге жоғары деңгейде ұлттық сананы, рухани құндылықты сіңіру, бойларына отансүйгіштік пен ұлттық намыс сезімдерін қалыптастыру, қабілетіне қарай тұлға тәрбиелеп шығару да солардың мойнында. Баланың танымын кеңейтуге, еңбекке баулуға, ойын арқылы адамгершілікке, ептілікке, табандылыққа, намысты болуға тәрбиелейтін тәрбиеші мамандардың еңбегі ұшан-теңіз. Әйтсе де бүгінгі әңгіме балабақшада еңбек ететін басқа да мамандықтар жайында болмақ. Бала тәрбиесінде музыканың алар орны ерекше, балабақшаның саз жетекшісі Құралай Бегимова бүлдіршіндерді сиқырлы саз әлеміне жетелеп, ән айтуға, би билеуге, дарыны барларды түрлі аспаптарда ойнауға үйретеді.

Мақаланы жазу барысында балабақшаға арнайы барып, жұмысын көзбен көрген болатынбыз. Есіктен кіргеннен-ақ санитарлық талаптың қатаң сақталғаны, тазалықтың тәртіпке сай екені анық байқалды. Мұнда әр баланың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Медбикелер Аяжан Ахатова, Динара Қалиева, Гүлнәр Олжағалиева тәрбиеленушілердің денсаулығын тексеріп, гигиена ережелерін түсіндіріп, ауырып-сырқаудың алдын алады.

Сонымен бірге, күнделікті ас мәзірін қадағалап, балалардың құнарлы тамақтармен ауқаттануына үлкен көңіл бөледі. Бұл орайда бас аспаз Лилия Мұратқалиева, оның көмекшілері Мейрамгүл Қошманова, Ләззат Қайрошеваларға қойылар талап та, жүктелер жауапкершілік те жоғары.

Өйткені, олардың қолында балабақшадағы әр баланың өмірі мен денсаулығы бар. Баласын балабақшаға әкелген әр ата- ана ең алдымен, дұрыс және сапалы тамақтану мәселесіне алаңдайды. Иә, денсаулықтың бар құпиясы осы дұрыс тамақтануда жатыр. Оны сапалы даяр ету – осындай білікті аспаздардың еңбегі. Балабақшада баланың дұрыс жетілуіне, шыныққан да шымырлы болуына үлкен мән беріледі. Дене тәрбиесі нұсқаушысы Ербол Құмаровтың әр күні бүлдіршіндерді сапқа тұрғызып, ертеңгілік дене шынықтыру жасатумен басталады.

Сонымен бірге, белгіленген жоспарға сай әр топтағы спортқа баулу сабақтарымен жалғасады. Кішкентайларға «Дені саудың – жаны сау» дегенді ұғындырып жүрген маман өз жұмысына ізденіспен қарап, бүлдіршіндердің қызығушылығын арттыруға тырысып отырады. «Нұрайдағы» нұрлы келешек осындай жауапкершілігі жоғары мамандардың мінсіз қызметтерінің арқасында тәрбиеленеді.

Атаулы жыл – қарапайым еңбек адамдарын бағалау, олардың ел дамуына қосқан үлесін көрсету үшін маңызды кезең. Балабақша қызметкерлерінің еңбегі – ел болашағына салынған инвестиция. Балалардың тәрбиесі мен болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген мектепке дейінгі тәрбие орнының сан түрлі мамандарына лайықты құрмет көрсетілгені ләзім. Олардың еңбегін насихаттау арқылы әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу басты міндеттердің бірі болмақ.

Ораз КАМАЛОВ,

Айбек НӘЖІМОВ,

Ақкөл ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT