Несие алудың жаңа ережесі қарыз жүктемесін жеңілдете ме

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі айларда елдегі қаржылық институттарда біршама өзгеріс болды. Азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту, мерзімі өткен берешекті өтеуге қатысты жаңа талап күшіне енген. Сарапшылар жаңа ереже халықтың несие статистикасын түзетеді деп отыр. Kazinform тілшісі қаржы нарығындағы ахуалды сарапшылармен бірге тарқатып көрді.

850 мыңнан астам адам несиенің құрсауында

Соңғы жылдары елімізде тұтынушылық несие көлемі айтарлықтай өсіп, халықтың басым бөлігі қарыз қамытынан шыға алмай келеді. Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың басында Қазақстандағы жалпы несие портфелі 24,1 триллион теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 22,9 пайызға артқан. Бұл елдегі әрбір еңбекке жарамды адамның кемінде бір несиесі бар екенін көрсетеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктерде проблемалық несиесі бар азаматтардың саны - шамамен 500 мың. Ал микроқаржы ұйымдарында берешегі мерзімінен кешіктірілген шамамен 350 мың адам тіркелген.

Несиені көп алатын кімдер? Adam Research жүргізген зерттеулер нәтижесінде қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың үш негізгі тобы анықталып отыр.

Бірінші топ – табысы өте төмен (бір адамға шаққанда 50 000 теңгеден аз) ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасылар. Бұл топтағы азаматтардың 67 пайызы бұрынғы қарызын жабу үшін жаңа несие алуға мәжбүр, ал 85 пайызына жаңа несие беруден бас тартылған.

Екінші топ – 35 пен 54 жас аралығындағы, жоғары білімі мен тұрақты табысы бола тұра, қаржылық мүмкіндіктерін дұрыс бағаламаған, ипотекалық несиелердің ауыртпалығына түскен азаматтар.

Үшінші топ – табысы төмен, жалғыз тұратын немесе ересек балаларының қолында отырған, негізінен зейнет жасындағы қалалық әйелдер.

Шектеу: жаңа несие мен 90 күн

Демек, елдегі кез келген әлеуметтік топта несие жүктемесі жоғары адамдар бар деген сөз. Сондықтан қыркүйектен бастап азаматтардың несие ауыртпалығын жеңілдету үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие беру талаптары қатаңдады.

Мысалы, несие алушы соңғы бір жылда несиесін қайта құрылымдап, бірақ 6 ай ішінде төлемі 5 пайызға азаймаса немесе жыл ішінде екі реттен артық қайта құрылымдауға жүгінсе, оған қарыз берілмейді. Бұдан бөлек, егер бұрынғы берешегі жаңа несиемен жабылса немесе сыйақы мөлшері негізгі қарыздың 20 пайызынан асып кетсе, банк мұндай өтінімді қабылдамауы тиіс.

Оған қоса, айлық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, оған несие берілмейді. Егер қарызы ай сайынғы табысының 50 пайызынан асып кетсе, қосымша қарыз рәсімдеуге шектеу қойылады. Ал несиені кешіктіру фактісі тіркелсе (банкте – 30 күн, МҚҰ-да – 1 күн), жаңа несие берілмейді.

Сондай-ақ, соңғы үш жылда қарызы кешірілген азаматтарға несие рәсімдеу қиындайды. Кепілсіз тұтынушылық несиелердің мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс.

Экономист Андрей Чеботарев ережелердің ішіндегі маңыздысы ретінде 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген қарызы бар азаматтарға арналған шектеуді атады. Оның айтуынша, өзгеріс қаржылық тұрақтылықты сақтауға сеп болады.

– Мұндай азаматтардың ай сайынғы табысының тек 25 пайызына дейін ғана несие төлеміне жұмсауға рұқсат етіледі, яғни табыстың төрттен бірі ғана қарыз өтеуге кетуі мүмкін, одан артық қарыз алуға болмайды. Бұл бастаманы құптаймын. Себебі жаңа талап тәуекелі жоғары санаттағы қарыз алушыларды шектеп, олардың кредиттік оңалуына мүмкіндік береді», – деді маман.

Енді жеке тұлғалар несиесін мерзімінен бұрын жапса, қосымша комиссия немесе айыппұл алынбайды. Мемлекет осы арқылы тұтынушылардың құқығын қорғауға, артық төлемдерді болдырмауға тырыспақ.

Алайда сарапшылар несиені мерзімінен бұрын жабар алдында келісімдегі шарттарды мұқият тексеруге кеңес береді. Кейбір қаржы ұйымы несиені тек белгілі бір мерзімде, нақты сома аясында ғана жабуға рұқсат беруі мүмкін. Мерзімінен бұрын өтеу кезінде сақтандыру сыйақысының қайтарылуы, ипотекалық ауыртпалықтың (обременение) алынуы секілді жайттарды банкпен нақтылап алған жөн.

Сонымен қатар жаңа талаптарға сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары әлеуметтік осал топтарға және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға кемінде үш ай мерзімге қарызды өтеуді кейінге шегеруге міндетті. Бұл қызмет ешқандай қосымша комиссиясыз немесе айыппұлсыз көрсетілуі керек.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың пікірінше, халық несиені өз еркімен емес, нарықтың ықпалымен, жарнама мен ұсыныстардың қысымымен алуға мәжбүр.

– Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз «аяғымен келіп жүр». Телефон шалып қиылып сұрайды, жарнама жаңбырша жауады. Тіпті «сізге несие мақұлданды» деп тұратын хабарламаларға ет үйреніп кеткен, – деді депутат.

Маңызды мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында да қозғағанын білеміз. Мемлекет басшысы Үкіметке «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыруды тапсырған болатын. Мәжіліс депутаты, осы жобаның жетекшісі Дәулет Мұқаевтың айтуынша, былтыр 845 мың адамға көмек көрсетілсе, биыл 1 миллионнан астам азаматты қамту көзделіп отыр.

– Бізге жалпы қарыз жүктемесі 28 миллиард теңге болатын 40 мыңнан астам адам жүгінді. Мамандардың араласуы арқылы 1 миллиард теңгеден астам берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік пайда болды. Біреуінде айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталады, енді бірінде төлем кестелері түзетілді, – деді Дәулет Мұқаев.

Оның сөзінше, жоба мамандары тек кеңес берумен шектелмейді. Олар талап-арыздар әзірлейді, ЭЦҚ алуға көмектеседі, банкроттықты рәсімдеу кезінде қолдау көрсетеді. Алаяқтық фактілері анықталған жағдайда материалдарды Қаржылық мониторинг агенттігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдайды.

Қазақстан несиелік жүктемесі ең төмен елдердің қатарында

Ranking.kz деректері бойынша, 2023 жылдың қорытындысында Қазақстандағы үй шаруашылықтарының жалпы қарыздарының ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 15,2 пайызды құрады. Бұл – халықаралық стандарттар бойынша өте төмен көрсеткіш.

Салыстырмалы түрде:

  • Ресейде – 22,19 пайыз
  • Қытайда – 63,67 пайыз
  • АҚШ-та – 72,9 пайыз
  • Канадада – 102,21 пайыз
  • Ұлыбританияда – 77,8 пайыз
  • ОңтүстікКореяда – 93,54 пайыз

BIS (Халықаралық есеп айырысу банкі) белгілеген жүйелік тәуекел шегі 60 пайыз деп есептеледі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда несиелік жүктеме айтарлықтай қауіпсіз деңгейде. Дегенмен, бұл көрсеткіштің төмен болуы халықтың төлем қабілетінің әлсіздігіне де байланысты болуы мүмкін.

Елімізде микрокредит беру қағидалары бекітілді

Қазақстанда несие нарығы трансформация кезеңіне енді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шектеулер мен қолдау шаралары қаржылық тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға және әлеуметтік топтарды қорғауға бағытталған. Алайда кез келген жаңа ереже, сарапшылардың пікірінше, азаматтың өз жауапкершілігімен ұштасқанда ғана нәтижелі болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT