Қазақстан Тәуелсіздігі тарихындағы ең ірі табиғи апаттардың бірі – өткен көктемдегі су тасқыны болды. Сол кезде зардап шеккен халыққа алғашқы болып көмек қолын созған – «Теңізшевройл» компаниясы.
Жергілікті атқарушы органдармен және бизнес серіктестерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, ТШО Теңіз кен орны маңындағы вахталық ауылға 7500-ден астам адамды орналастырып, оларды төрт ай бойы барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етті.
Негізгі атқарылған жұмыстар қатарында – жақын маңдағы елді мекендерді қорғау мақсатында ұзындығы 8 шақырымдық бөгеттің салынуы, арнайы техника үшін 500 мың литр жанармайдың бөлінуі, Кұлсары тұрғындарына 24 000 литр ауыз су жеткізілуі бар. Алайда ең ауқымды көмек – тасқыннан кейін Кұлсары көшелерінен жиналған 22 000 тонна қоқысты тазалау болды.
Гуманитарлық жұмысқа ТШО-ның бұрынғы бас директоры Кевин Лайонның жары – Кимья Лайон да белсенді атсалысты. Түркия тумасы Кимья еріктілер қозғалысын басқарып, зардап шеккендерге бірнеше тонна гуманитарлық жүк жинады.
– Осындай ауыр сәтте Жылыой ауданының халқына барынша көмектесуге тырыстық. ТШО еріктілері бірлесіп, гуманитарлық көмекті үйлестіріп жұмыс істеді. Өзім де сырт қалғым келмеді – командаммен бірге 4,5 тонна ең қажетті заттарды жинадық, – дейді Кимья Лайон.
Бұл оқиға – бизнестің, биліктің және бейжай қарамайтын азаматтардың бір мақсат жолында – қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу үшін біріге алатынын көрсететін жарқын мысал.
Айта кетейік, жуырда Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ компаниясы «Теңізшевройл» (ТШО) басшылық ауысқанын ресми түрде жариялады. 2021 жылдан бері ТШО-ны басқарған Кевин Лайон «Шеврон» компаниясының бас кеңсесінде жаңа лауазымға тағайындалды. Оның орнына Оңтүстік Африкадағы стратегиялық бизнес бөлімінің басқарушы директоры қызметін атқарған Уильям Лакоби келді.