Мұнай-газ тәуекелі: Тығырықтан шығар жол қайсы?

Мұнай бағасының тым төмен түсуі ел бюд­жетіне, оның ізін ала халықтың тұрмысына әсер етпей қоймайды. Жалпы, мұнай – таусылатын ресурс. Жа­қын арада түгесіле қой­майды дегеннің өзін­де оның бағасының тү­сіп кету тәуекелін еш­кім жоққа шығара алмай­ды. Сарапшылар Д.Трамп­тың билікке келуі жаһандық шикі­зат нарығына көп өзге­ріс әкелуі мүмкін деп те болжайды.
 

Қорымыз қанша?

Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәліметінше, былтыр мұнай мен конденсат өндіру көлемі 87,6 млн тоннаны құрады. Шикі мұнай өндіруде өнеркәсіптік өнді­ріс­тің индексі 97,5%-ды, ал табиғи газ өндірісінде 99,4% болған. Жалпы, еліміздің 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығындағы өнеркәсіптік өндіріс индексі 102,8%-ға жеткен. Осы деректерге қарап отырып, бізде мұнай қоры қанша деген сұрақ сап ете қалады. 1990 жылдан бері елімізде 1,94 млрд тонна мұнай өндірілген. Қазір жер қойнауында шамамен 4 млрд тонна мұнай қоры бар көрінеді. «Energy Monitor» қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов мұнай қоры бірнеше ондаған жылға жетеді деп отыр.

 

па

Нұрлан Жұмағұлов

– Кейде «Мұнай құбырын салдыңдар, енді неге мұнай айдамайды?», «Неге Қытайға аз тасымалдайды?» деп айтып жатады ғой. Иә, теориялық жағынан құбырды 20 млн тоннаға дейін толтыруға болады. Бірақ бізде, оңтүстікте мұнай тапшы­лығы бар. Қорда шамамен 4 млрд тонна қалды. Бірақ болашақ­та барлау жұмысы жүріп, кен орындарын анықтайды, мұ­най бізге әлі бірнеше ондаған жылға жетеді деп сенеміз, – дейді ол.

Мұнай өндірісі мен оның әлемдік нарықтағы орны туралы болжамдар келер екі жылда айтарлықтай өзгермек. АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) келтірген мәлі­метке сәйкес, 2025 жылы елімізде тәулігіне 1,89 млн баррель мұнай өндіріледі. 2026 жылы мұнай өндірісі біртіндеп артып, жыл соңына қарай тәулігіне 2 млн бар­­рельден асуы мүмкін. Мұнай бағасына қатысты да маңызды болжамдар жасалды. 2025 жылы Brent маркалы мұнай бағасы баррелі­не 74 долларға дейін төмендеуі мүмкін болса, 2026 жылы бұл баға 66 долларға дейін түсуге тиіс. Мұның себебі – әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысының артуы. 2025 жылы мұнайға деген әлемдік сұраныс тәулігіне 104,1 млн баррельге жетеді дегенмен, нарықтағы ұсы­ныс одан асып, 104,4 млн баррельге жақындамақ. Осылайша, ұсы­ныс­тың сұраныстан жоғары болуы бағаның төмендеуіне әкеледі.

 

ва

 

 Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

 

40 доллар қысым жасай ма?

Қазір әлемдегі геосаяси жағ­дай аумалы-төкпелі. Дональд Трамп сайлау алдында Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатамын деді. Бүгінде АҚШ-тың аталған елдерді келіссөз ала­ңына шақыратыны туралы ақ­парат әлемді кезіп жүр. Егер Ресей мәмілеге келуден бас тартса, АҚШ Сауд Арабиясына мұнай бағасын 40 долларға төмендету қажеттігі туралы қысым жасайды деген пікір бар. Ондай жағдайда біздің қарапайым әлеуметтік міндеттер мен экономикалық қажеттіліктерді өтеуіміздің өзі мұңға айналмақ.

Геосаяси шиеленіссіз-ақ мұнай бағасының тұрақты боларына кепілдік жоқ. Себебі бағаны ұстап тұруға бағытталған әрекеттерге қарамастан, түрлі сыртқы фактор әсер етеді. Бүгінде әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушылары – АҚШ пен Қытай. АҚШ нарығы орныққан, тұрақты болса, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде мұнайға сұраныс артуы мүмкін. Көптеген мемлекет осы аймақтардың экономикалық дамуы­­нан үміт күтіп отыр. Алайда соңғы болжамдарға сәйкес, Қытай мен АҚШ-тағы мұнай тұтыну көле­мі төмендеуі ықти­мал. Мұ­ның негізгі себебі – электро­мо­биль­дердің қарқынды дамуы. Элек­­тро­­мобильдер өндірісі жос­пар­ланғаннан әлдеқайда тез өсіп келеді. Бұл нені білдіреді? Бен­зин мен дизель сияқты мұнай өнім­деріне сұраныс азаяды. Сұра­ныс төмендеген сайын мұнай бағасы да қысымға ұшырауы әбден мүмкін.

 

в

Абзал Нарымбетов

– Біз мұнай бағасының кез келген өзгерісіне дайын емеспіз. Бұған дейінгі мемлекеттік бюджеттер, стратегиялық жоспарлар мен ірі жобалар мұнай бағасының тұрақты жоғары деңгейде болады деген үмітке негізделген. Осы сенімнің арқасында көптеген маңызды қадамдар жасалды, бірақ бұл тәуелділік бізді қиын жағдайға жиі тап қылды. Ал 40 долларға дейін төмендеуі ешкімге де тиімді емес. Оның ұзаққа созылмауын тілейміз. Себебі мұндай деңгейдің ұзақ уақыт сақталуы еліміз үшін тым ауыр болуы мүмкін. Менің ойымша, мұнай бағасының 40 долларға дейін түсуі тек төтен­ше жағдайларда ғана орын алуы ықтимал. Мысалы, 2020 жылы пандемия кезінде мұнай бағасы орташа есеппен 40 долларға дейін төмендеді. Кейбір сәттерде тіпті минус 36 дол­ларға дейін құлдырағаны есте бо­лар. Бұл мұнайға сұраныс толығымен тоқтап, өндіріс пен тасымалдағы күрделі қиындықтар кезінде болды. Яғни тек геосаяси шиеленістер мен әлемдік экономикадағы тұрақ­сыздық жағдайларында болады. Сондықтан бізге экономикамызды тұрақты әрі мұнай бағасына тәуелсіз ету үшін әртараптандыру қажет. Ал мұнай бағасының ұзақ­мерзімді тұрақсыздығына дайын болу – біздің басты міндетіміз, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

Мамандар Сауд Арабиясына доллар бағасын түсіру тиімді емес дейді. Себебі қазір олар «Vision 2030» стратегиясын жүзеге асыруға қарқынды түрде инвес­тиция салып жатыр. Бұл жобалардың қа­тарында жарты трлн долларлық NEOM жобасы мен 300 млрд долларлық Эр-Риядты дамыту бағ­дар­ламасы бар.

– Сондықтан Сауд Арабиясы бұрынғыдай мұнай бағасын төмен­детуге оңай келісе салмайды. Елдің әлемдік аренадағы мүдделері мен орны айқын. Мұнай бағасының төмендеуі жаһандық экономикаға да, оның ішінде АҚШ-қа да тиімді емес. Себебі АҚШ-тағы сланец мұнайын өндірудің өзіндік құны 70-80 доллар шамасында. Егер мұнай бағасы одан төмен түссе, бұл компаниялар шығынға батады, – дейді А. Нарымбетов.

 

Еліміздің жағдайы Нидерландқа ұқсас

1990 жылдары Қашаған және басқа да ірі мұнай-газ кен орындары ашылып, бұл салаға үлкен инвестициялар құйыла бастады. Мұнай-газ секторында жоғары жалақы төлейтін жұмыс орындары болғандықтан, көптеген адам ресурсы осы салаға жұмыл­дырылды. Бұл кезде ауыл шаруа­шы­лығы мен өнеркәсіп өндірісі екінші орынға ығысып, құлдырау кезеңін бастан өткерді. Еліміз­де мұндай тәуелділіктің салдары айқын көрінді. Мұнай-газ сек­то­рының қарқынды дамуы басқа салалардың дамуына кедергі келті­ріп, экономиканың біржақты бағытта дамуына алып келді. Ал қазір әртараптандыра алмай, әлекке түсіп жүрміз.

– Ресурсқа тәуелділіктен құты­лу­дың нақты жолдарына келсек, Нидерландтың тәжірибе­сін қа­рас­тыру керек. «Голланд ауруы»­ термині алғаш рет 1978 жылы «The Economist» журналында қолданылды әрі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Нидерландта 1960 жылдары теңізден ірі Гронинген газ кен орны ашылғаннан кейін, экономиканың негізгі ресурстары осы салаға ауыса бастады. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, басқа да салаларда жұмыс істеп келген адамдар мұнай-газ секторына бет бұрды, себебі бұл салада табыс әлдеқайда жоғары болды. Солай «ресурс қарғысына» ұшырады. Бұл тұрғыда Қазақстанның жағдайы Нидерландқа ұқсас. Бірақ олар мұны дер кезінде түсініп, жағдайды реттеуге кірісті. Мұнай-газ секторына серпін бере бермей, өзге салаларды дамытты. Норвегияның да бұл тұрғыда тәжірибесі маңызды. Олар мұнай-газ саласынан түскен табысты арнайы қор құру арқылы жинақтады. Біз де осындай қор құрғанымызбен, оның бастапқы мақсаты сақталмады. Уақыт өте келе бұл қор мемлекеттік бюджетті толықтыратын тетікке айналып кетті. Бұл тұрғыда бізге «голланд ауруын» жақсы жағынан қайталау маңызды дер едім, – деп түсіндірді А.Нарымбетов.

Сарапшымыздың сөзінен кейін Нидерланд пен Қазақстан арасында қандай айырмашылық барына үңілдік. Түсінгеніміз, бізге мына шараларды тез арада қабыл­дау қажет: Экономиканы әрта­рап­тандырып, мұнай-газ са­ла­сынан тыс өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуға ба­сым­дық беру; Шағын және орта биз­несті қолдап, ішкі нарықтағы тауар­лар мен қызметтердің бә­се­­­кеге қабі­леттілігін арттыру; Өндіріс сала­ларына озық тех­но­ло­гияларды енгізу және инно­ва­цияны қолдау; Ұлт­тық қор қара­жатын бюджетті толық­тыруға емес, ұзақмерзім­ді эко­­но­микалық тұрақтылық­ты қам­та­ма­сыз етуге бағыттау; Әртүрлі сала­да кәсіби мамандарды даярлау арқылы ресурстарды тиімді бөлу.

 

Жаңа ресурс – инвестиция

Қара аспанды төндіре берген де жарамас. Голландия ізіне түсуге алғашқы қадамды жасап жатырмыз. Мысалы, былтыр ішкі жалпы өнім 4%-ға жуық болды. Осы өсім негізінен мұнайдан тыс секторды дамыту арқылы келген. 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы мен құрылыс есебінен қалыптасқан. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығару 13,4%-ға өскен, бұл – кейінгі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сол сияқты құрылыс – 10,3%, сауда – 8,2%, көлік қызметі – 8,1%, байланыс – 5,3%, өңдеу өнеркәсібі 5,3%-ға өсім көрсеткен. Аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі – 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өскен. Бұл өсім инвестицияға да қатысты, яғни капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жеткен. Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, биылдан бастап мұнай халықтың бас­ты асыраушысы мәртебесінен айырылмақ.

 

ап

Айбар Олжаев

– 2024 жылы Ұлттық қорға мұнайдан 3,86 трлн теңге табыс келген. Дәл осы кезде Ұлттық қор активтерін инвестициялаудан, яғни облигациялар пайызынан 5 трлн теңге кіріс түсті. Мұнай емес, пайыздардан көп табыс тауып отырмыз. Мұнай былтыр қазіргі курспен 7,3 млрд доллар алып келді. Мұнай бағасы барреліне 100 доллар шамасында шарықтап тұрған, өндіріс мықты болған 2010–2013 жылдары біз қара алтын­нан жылына 22 млрд доллар түсі­ре­тінбіз. Қазір 7 млрд долларға қуа­натын болдық. Ал келесі жылы мұ­най бағасына деген болжам одан да төмен. Сондықтан мұнай локомо­тив болудан қалатын сияқты. Ин­вес­­тициялық табыс – 9,5 млрд доллар. Егер осы мүмкіндігімізді пай­даланып, барлық фокусты ин­вес­­­тициялық стратегияға бағыт­та­сақ, тұрақты және тиімді табыс көзі­не жететін секілдіміз, – дейді ол. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT