Мұнай бағасына болжам: «қара алтын» құны құлдырай бере ме

 

Сәуір басталғалы жаһанда экономикалық дүрбелең туып жатқаны жасырын емес. Бұл оқиғалар Қазақстанды да айналып өтпейтінін көрсетіп отыр. Әсіресе, ел экономикасының тірегі саналатын шикізат – мұнай бағасы құлдырап жатыр. Жағымсыз құбылыс әрі қарай жалғаса бере ме, әлде бәрі уақытша процестер ме? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге «қара алтын» құнының келешегіне қатысты байлам жасап көрді.

Қазақстан қанша пайда тауып отыр?
Сонымен, Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым айына арналған фьючерстері 4%-ға арзандап, 60,34 доллар болды. Бағаға Дональд Трамптың қытай тауарына 104%-дық баж салығын енгізуі (көп өтпей 125%-ға дейін көтерді) әсер етті. Қазір де бір баррель мұнайдың бағасы 60-65 доллар арасында ауытқып тұр. Құлдырау жалғасуы мүмкін, өйткені Goldman Sachs секілді ұйымдардың сарапшылары Brent маркалы мұнай 2026 жылдың аяғында 40 доллар болуы мүмкін екенін айтуда.

Brent 2021 жылғы наурыздан бері алғаш рет 61 доллардан төмен бағаға саудаланып жатыр. Бұның Қазақстан экономикасына кері әсері бар дедік. Неге? Мәселен, ұлттық валютамыз – теңге 3 күн бұрын мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бірден 13 теңгеге арзандады. Ұлттық банк оны АҚШ-тың салық саясатымен, мұнай бағасымен түсіндірді.

Ал 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасы барреліне 75 доллар, ал доллар курсы 470 теңге деп бекітілген еді. Бірақ жағдайды көріп отырмыз, 9 сәуірде Үкімет мұнай бағасы 60-55 долларға дейін төмендеген хәл үшін даму сценарийін шұғыл дайындап жатқаны мәлім болды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқан.

Жұманғариннің сөзінше, Үкіметтің қандай шығынды қысқартатыны туралы жоспары бар. Бірінші кезекте министрлікке тиесілі ұйымдар, қызметкерлер саны қысқарады. Қызметкерлер санының көбеюіне мораторий жарияланады. Жаңа ғимараттар, құрылыстар және осы тәрізділер де бар.

Көрдіңіз бе, елімізде мұнай-газ саласынан түсетін түсім бюджеттің қомақты бөлігін құрайды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сенсек, 2024 жылы елдегі мұнай экспорты рекордтық көрсеткішке (71 млн тонна) жетті. Экспортталған мұнайдың номиналды бағасы 43 млрд долларды құрады. Дегенмен жылдан-жылға Ұлттық қорға түсетін салық түсімдері азайып жатыр. 2024 жылдың 10 айында мұнай-газ саласынан қорға 7 млрд доллар түскен. Бұл 2023 жылдағы 10 аймен салыстырғанда 10 пайызға кем. Ендігі ахуалдар осындай жағымсыз жағдайларды қайталауы мүмкін.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT