Қазақстан полициясы күні қарсаңында Атырауда өңірдің бас полицейі полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев құқық қорғау органдарының жұмысына қызығушылық танытып жүрген спорттағы жетістіктерімен көзге түскен жас өрендермен кездесті.
Кездесу барысында генерал-майор Нұрхат Оразбаев жас спортшылармен еркін форматта сұхбаттасып, олардың алға қойған мақсаттарын тыңдады. Жастар арасында ел намысын қорғап, түрлі халықаралық және республикалық жарыстардан жүлдемен оралып жүрген бокстан және джиу-джитсудан чемпиондар – Дәулет Дәуренұлы, Темірлан Жанболатұлы және Ислам Болатбекұлы өз жетістіктері туралы айтып берді.
Жас сақшылар болашақта полиция қызметіне келіп, елге қызмет етуді армандайтындарын жеткізді.
Кездесу соңында Нұрхат Оразбаев жастарға сәттілік тілеп, олардың ел болашағы үшін маңызды рөл атқаратынын баса айтты. Сонымен қатар, тәртіп сақшысы болу – зор жауапкершілік пен абырой екенін, спортпен шұғылдану – мықты рух пен денсаулықтың кепілі екенін жеткізді.