Малды өңірдегі өмір

Мал бағу – ежелден қазақ халқының қанына сіңген, атадан балаға мирас болған кәсіп. Облыстағы малды өңірлердің бірі саналатын Қызылқоға ауданында жылдан жылға төрт түліктің басы көбейіп, өнімі молайып келеді. Асылдандыруға да, алынған өнімді өңдеуге де басымдық бере бастаған. Кәсіпкерлер осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан грант, жеңілдетілген несие мен инвестициялық субсидия түріндегі қолдауға ие болып отыр. Мәселенің түйіні – осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, шаруаны ұқсата білуде. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл кәсіпті көпке үлгі етудің де мәні зор.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбөпиеваның айтуынша, ауданда 570-ке жуық шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 2 агрофирма бар. Оның 13-і – асыл тұқымды шаруашылық санатында. Аудандағы 115471 ұсақ жандық, 33009 мүйізді ірі қара, 18370 жылқы мен 1451 бас түйенің ішінен тұқымын асылдандыру мақсатында былтыр 1050-ге тарта аналық және аталық түлік сатып алынған. Шаруашылық құрылымдарына мемлекеттен жалпы сомасы 400 миллион теңгеден астам субсидия төленген.

Ағайындылардың ынтымағы

Мал баққанға бітетіні рас қой, уақытымен жем-шөбін беріп, дұрыс күтіп-баптай білсе ғана маңдай тердің өтеуі болады. Төрт түлікті шығынсыз, өз төлі есебінен өсіруге ден қойған Сағыз ауылдық округіндегі «Байтан» шаруа қожалығында қазір 300-ден астам қой-ешкі, екі үйір жылқы, бес түйе, 100-ге жуық мүйізді ірі қара, 1000 гектар жайылымдық алқап бар.

– Бұдан он жыл бұрын ағайынды Жаңбырбай, Берішбай, Наурызбай, Бекболат есімді жігіттер бірігіп құрған қожалықтың төрағалығына Наурызбайды сайлапты. Содан бері кезінде «Гурьев» асыл тұқымды қой зауытының қыстағы болған «Қызылбұлақ» учаскесінде шаруасын дөңгелентіп келеді. Бір кезде Тоқтарбай Байтанов ағамыз сол шаруашылықта шопан болып, елге танылған еді. Енді әкенің құтты таяғын ұлдары ұстап, атакәсіпті лайықты жалғастырып отыр, — дейді Зинеш Аққұлқызы.

Қыстақ басында бұрыннан қалған суы мол құдық та бар. Электр желісі келіп тұрғанымен, біраз уақыт иесіз қалған трансформатор қолды болып кетіпті. Бірақ оны ағайынды жігіттер өз қаражатына орнатқан. Бірер жыл бұрын пайдалануға берілген «Сағыз-Сарқұмақ-Соркөл» газ құбырынан қыстаққа желі тартып, «көгілдір отынға» да қол жеткізіпті. Орынның ескілігін ескеріп, жігіттер тың жерден екі қоражай мен жайлы баспана салып алуды да ұйғарған. Жыл санап бағымдағы мал басы өсіп, түлікті өз төлі есебінен көбейтіп, өнімін молайтуға, шаруаны шығынсыз жүргізуге бағыт ұстапты.

Күш біріктіріп, тер төксе қандай қиындықты да жеңіп, табысқа кенелуге болатынын «Байтан» шаруа қожалығындағылар нақты іспен дәлелдеп отыр. Ауданда олардан басқа да малдан жақсы табыс тауып отырған шаруашылықтардың саны көбейе түскен.

Жылқының көбейгені де зиян

Мұқыр ауылдық округіне қарасты «Ұзынкөл» учаскесіне қоныс тепкен «Тайжан» шаруа қожалығының жер көлемі – 5 мың гектар. Сол аумақта шаруашылықтың 1200 қой-ешкі, 250 мүйізді ірі қара, сонша жылқы және 20 түйесі бағылады. Осыған дейін еділбай қойы мен қазақтың ақ бас сиырын, Қамбар ата түлігін асылдандырумен шұғылданған қожалық енді Ойсылқараға ойысып, шұбат өндіруді ойластырыпты.

Қожалық жетекшісі Аманияз Тайжановтың ұлы Мереке Мұқыр ауылынан өздері ашқан цехта жартылай дайындалған ет өнімдерін шығарып, ауыл тұрғындарына ұсынса, үй ауласынан 30 басқа арналған мал бордақылау алаңы жасақталған. Енді мал сою алаңын салу жоспарда бар. Түлік санын көбейтумен қатар оның өнімін кәдеге жарату да еңбекқор жігіттердің ақ-адал еңбегін айғақтап тұрғандай.

Шаруагерлерді толғандыратын мәселе – малдың жүн-терісінің рәсуа болуы. Қожалық төрағасы Аманияз Тайжановтың айтуынша, жыл сайын қырқылған қойдың жүні даладағы шұңқырларға көміліп жатыр, терісі де солай. Кеңес өкіметі кезінде мұның бәрі қып-қызыл ақшаға бағаланатын. Жүн мен теріден түсетін табыстың желге ұшуы экологиялық ахуалды да күрделілендіре түспей ме?!

– Ауданда жүн-тері қабылдайтын цех ашу қажет. Бұл жөнінде талай айтылғанымен әзірге нәтиже жоқ. Қазір мал басы көбейіп, жер де тарылып барады. Әсіресе жылқы көп. Ауылдағыларды айтпағанда, қаладағылар да үйірлеп жылқы ұстайды. Бірақ оны анда-санда болмаса ешкім қарамайды. Ақыры бақылаусыз шұбырған жылқы түлігі қожалықтардың жерін бүлдіреді, — дейді шаруашылық басшысы.

Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» екені белгілі. Бұл қай салада болмасын еңбек етіп жатқан жұмысшылардың мәртебесін арттырып, олардың еңбегіне бұқараның назарын аударады. Демек мал шаруашылығында еңбек етіп жүрген жандарға да қолдау мен қамқорлықты күшейте түскен жөн.

Бірлескен істе береке бар

«Қызылқұдық» алқабындағы «Мұқатай» қожалығы – ауданда мал шаруашылығының дамуына сүбелі үлесін қосып отырған құрылымның бірі. Мұндағы малшылар да әкенің ақ таяғын ұстап қалғандар. Әкесі Мұқатай – ұзақ жыл Ленин атындағы кеңшарда мал баққан азамат. Балалары да жастайынан мал бағудың қыр-сырын үйренген. Кеңшарлар таратылған соң өз үлесін алып, әр салада еңбек етуге көшкендердің ішінде ағайынды Жүзжасаровтар да бар еді. Он бес жыл бұрын іргетасы қаланған қожалықта бүгінде бес үйір жылқы, төлімен қоса 150 бас сиыр, 1700-дей ұсақ жандық бағылады. Мал азығын да өздері дайындайды.

– Биыл төл алу 5 сәуірден басталды. Сондықтан отарды көп қашыққа жаймаймыз. Тек өрістегі сиыр мен жылқыны бірер күн сайын түгендеп тұрамыз. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияны алып отырмыз. Қыстақта барлығы бар, тек ауыз суды тасымалдап ішуге мәжбүрміз, — дейді Жұмабек Жүзжасаров.

Бүгінде қай шаруашылықта болмасын сақман қыза түскен. Малшы қауымы үшін төрт түлікті табысты төлдету – маңызды шаруалардың бірі. Жұмыс қаншалықты ауыр болса, қайтарымының да соншалықты мол боларын, бірлескен істе береке барын олар өз еңбектерімен дәлелдеп келеді.

Қос өзен аралығын қоныстанған Исатай ауданында 380-нен астам шаруа қожалығы атакәсіппен шұғылданады. Бес шаруашылықта асыл тұқымды сиыр малы бағылады. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, төрт түліктен де мал басының өсімі бар, әсіресе аналық малдың саны көбейген. Бір ғана қой-ешкінің саны ауданда 40 мыңға жуықтаса, оның тең жартысынан астамы саулық қой.

Шаруасын ширақ жүргізіп отырғандардың бірі – Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Жұмағали елді мекенін қоныстанған Жалғасбай Уахитовтың шаруа қожалығы екен. Шаруагер биылғы қыстың қуаңдау болғанын, жерге көп қар түспегенін айтты. Әйтсе де әкесінен қалған істі жалғастырып, қазірде мал төлдету науқанын да ойдағыдай өткізіп жатқан көрінеді.

Оның сөзін аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов та қостады.

– Биыл қыс жайлы болғанымен ылғал аз болды. Бұл шаруашылықтарға кері әсерін тигізіп, біраз қиындық туғызғаны да жасырын емес. Дегенмен, қазіргі күн райы маңызды да жауапты маусым – мал төлдету науқанының ойдағыдай өтуіне қарасып, мейлінше қолайлы болып тұр. Ірі қара өрісте, ұсақ мал қорасында төлдеп жатыр. Қысы-жазы қора көрмей, далада жүретін жылқыға да құлын ерді. Бұдан кейін келетін мал қырқу науқанына да аудан шаруашылықтары сақадай дайын. Алдағы жаз жаңбырлы, жердің шөбі шүйгін болса, шаруаға да тиімді болар еді, — дейді бөлім басшысы.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары берген мәлімет бойынша, мал төлдету маусымы облыстың өзге өңірлерінде де табысты өтуде. Қазіргі қарқынға қарап, қырдағы «қызыл қырманның» табысты тәмамдалатынына сенім мол. Мамандар қырықтық науқанына да дайындық тиісті деңгейде екенін сеніммен айтты.

Дәулетқали АРУЕВ

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT