Махамбет ауданында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Атырау облысының Махамбет ауылында №11 өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты ашылды. Жайық өзенінің жағасында орналасқан нысан авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарының кең көлемде орындауға арналған,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мерекелік шараға ҚР Төтенше жағдайлар министірі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысты.

-Атырау облысында 7 аудан бар болса, 2-3 күн ішінде төртеуіне барып үлгердік. Бұл аудандарда заманауи, жаңа ғимараттар ашылып жатыр. Мұның бәрі — мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, салалық министрліктер мен жергілікті әкімдікпен бірлесіп жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Біз үшін ең бастысы — адамның өмірі мен әл-ауқаты. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырып, жоспарлы түрде іске асыратын боламыз,- деді облыс әкімнің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Жергілікті бюджет есебінен салынған нысанға мердігер болған — «DMISTRAL» ЖШС. Ғимаратта жұмыс бөлмелері, техникалық жабдықтарға арналған кабинеттер, оқу сыныбы, фитнес залы, медициналық бөлме, психолог кабинеті, жөндеу блогы, ашық футбол алаңы бар.. Сондай-ақ құтқарушыларға қызыл жалынды сөндіруге арналған алты жаңа автокөлік берілді.

- Өрт сөндіру бөлімінің басты ерекшелігі – жеке құрамның барлық жағдайы жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар техникалардың тұрағы да қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Техниканы жөндеу, бақылау және қадағалау жұмыстары да жүйелі түрде ұйымдастырылды. Бұл жұмыстың барлығы, ең алдымен, Махамбет ауданы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ облыс көлемінде өрттің алдын алу және халықты қорғауға бағытталған,- деді Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Рәтбек Демеуберген.

Шара соңында қатысушылар өрт сөндіру бөлімінің аумағына ағаш отырғызды.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT