Ұлттық Ұлан қатары жас офицерлермен толықты

Ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде ерекше миссия атқаратын Ұлттық ұлан сапы жаңа буын офицерлермен толықты.

Жуырда Петропавл қаласындағы әскери оқу ордасы — Ұлттық ұлан әскери академиясын тәмамдаған 30-ға жуық жас түлек алғашқы офицерлік шен — лейтенант атағын алып, қызметтік жолын ресми түрде бастады. Олар бүгінде Ұлттық ұланның “Батыс” өңірлік қолбасшылығына келіп қосылып, үш күнге жалғасатын оқу-әдістемелік жиынға қатысып жатыр.

Аталған жиын барысында офицерлерге жауынгерлік дайындық пен басқару бағытындағы тапсырмалар мен міндеттер нақты түсіндірілуде. Қорытындысында жас офицерлерді өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдерге бөлу жоспарланған. Бұл – олардың кәсіби қызмет жолындағы алғашқы маңызды қадамы болмақ.

Жас лейтенанттардың бірі Азамат Зұлқарнаев алған әсерімен бөлісті:

— Әскери оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, енді міне Ұлттық ұлан қатарына қосылып отырмыз. Төрт жыл алған білімімізді тәжірибе жүзінде қолдануға, сарбаздарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, әскери тәртіпті нығайтуға бар күш-жігерімізді саламыз. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік, – дейді ол.

Жас офицерлердің қатарға қосылуы – Ұлттық ұланның кадрлық әлеуетін арттырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметіне серпін беретіні сөзсіз.

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT