Әлемнің кілті әйелде

Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауы және «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтардағы әйелдердің табыс тарихы» тақырыбында облыстық конференция өткен еді. Жұмысшы мамандықтарының, әсіресе, осы саладағы әйел адамдардың жеткен табыстарын, тәжірибесі мен жетістіктерін көпшілікке үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған конференцияға аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, жұмысшы мамандықтағы әйелдер, ауданның белсенді жастары қатысып қайтты.

Олар облыс бойыша жұмысшы мамандықтарында еңбек етіп жүрген әйелдердің тәжірибесімен, табысқа жету жолдарымен танысып, өз са­ласында үздік нәтижелер көрсетіп жүргендері облыс әкімінің марапа­тына ие болды. Солардың қатарында «Атырау-Жарық» ЖШС аудандық бөлімшесінің операторы Мира Молдашева бар.

Ол – Махамбет ауылының тума­сы, сүйікті жар, ибалы келін, 3 бала­ны өмірге әкелген аяулы ана. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, Мира да өзінің отбасындағы әйел-аналық міндетімен қатар, қоғамның ең маңызды саласы «Атырау-Жарық» мекемесінде бес жылдан бері опера­тор болып қызмет етіп келеді.

Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған қыз-келіншектердің басын қосқан аталмыш шараға ауданымыз­дан арнайы қатысқан Мира өз әсері жайлы бөлісті.

- Биыл «Жұмысшылар жылы» деп жарияланып, еңбек адам­дары насихатталып жатқанына қуаныштымыз. Бұл конференцияға қатысу арқылы күнделікті өмірде көп көзге көрінбейтін қарапайым еңбек адамдарының, оның ішінде әйелдердің қоғамда алар орны ерек­ше екеніне куә болдық. Олардың әрқайсысы нәзік болмыстары­на қарамастан ауыр жұмыстан қаймықпай, адал еңбегімен қоғамның дамуына үлес қосып келеді. Қолына күрек ұстап, таңмен таласа көше тазалайтын, зауыттарда темір балқытатын, егістік алқабында еңбек ететін, көлік жүргізіп, жолау­шыларды діттеген жеріне жеткізетін әйелдердің еңбегіне қалайша бас имейсің?! Осындай ауыр да жауапкершілігі мол қызметімен қатар олар отбасының жылуын сақтап, ұрпағына өнеге болуда. Қоғамның тірегі, елдің мақтанышы міне, осындай жандар деп ойлай­мын. Өз қолтаңбасын қалдырып, қажырлы еңбек етіп, табысқа жеткен әйелдердің өмірінен сыр шерткен жиын маған ерекше шабыт, өмірге деген жаңа көзқарас сыйлады, - дейді ол.

Рас, әйелдер тек отбасының ғана емес, мемлекеттің де сенімді тірегіне айналды. Білім алып, білікті маман атанып, жан-жақты дамып, қоғамның қай саласында болмасын белсенді еңбек етіп, өзгелерге үлгі-өнеге бо­луда. Еңбекқорлық пен даналықтың, мейірімділік пен төзімділіктің симво­лына айналған осындай әйелдердің арқасында еліміз өркендеп, қоғам алға жылжып келеді.

Б.САПАРОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT