Қылмыс азаймай тұр
Индер аудан әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия кезекті отырысын өткізді. Жиынды аталмыш комиссияның төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин ашып жүргізіп отырды.
Комиссияда алдымен көтерілген мәселе - ұрлық қылмыстарының алдын алу, болдырмау және ашу бағытында атқарылған жедел іздестіру шаралары туралы аудандық полиция бөлімінен Ербатыр Қамешов хабарлама жасады.
Биылғы 6 айда ауданда қылмыс құрамы бар 36 құқық бұзушылық тіркелген. Былтыр оның саны 46 болатын. Бүгінде 16 (былтырғы жылы 16) қылмыстық іс аяқталып, 11 қылмыстық іс сотқа жолданған (Былтыр 10). Аталған мерзімде 3 ұрлық фактісі тіркелген (Былтыр 6). Оның ішінде біреуі пәтер ұрлығы (былтыр мұндай қылмыс тіркелмеген). Мал ұрлығы бойынша биылғы және былтырғы 6 айда да қылмыстық іс тіркелмеген. Биыл 1 алаяқтық қылмыс ашылған. Ұялы телефон ұрлығымен 1- қылмыстық іс тіркеліп, аяқталған. Алаяқтық қылмыс бойынша биыл 13 қылмыс тіркелген (Былтыр 23). Оның ішінен 4 қылмыстық (былтыр 3) іс ашылып, аяқталып отыр.
-Алаяқтық қылмыстарын ашу мақсатында қылмыстық істер тергеу бөлімшесімен бірлескен күйде зерделеніп, жан-жақты іс шаралар жүргізілуде. Алаяқтық қылмысын азайту мақсатында бөлім қызметкерлерімен аудан халқының арасында жиналыстар өткізілуде. Оның ішінде интернет алаяқтар мен ұрлықтардың алдын-алу қаралған. Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, арнайы брошюралар шығарылды. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларының (инвестициялық) алаяқтық қылмыстардың алдын-алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Интернет алаяқтық қылмыстарының алдын-алу бағыты бойынша жергілікті «Дендер» газетіне және әлеуметтік желілерге фото суреттерімен мақалалар жарияланды.
Индербор кентінің орталығында орналасқан «Болат» сауда үйінің маңдайшасында орнатылған LED-мониторына интернет-алаяқтық қылмыстарын алдын алу мақсатында бейнероликтер жасалып орналастырылып, халыққа көрсетілді.
Интернет-алаяқтарды және қаржы пирамидалары мен оның түрлері, қылмыстық қол сұғушылықтан мүлікті қорғаудың сақтық шаралары мен тәсілдері жайында кенттегі «Талап», «Жасұлан» базарларында және «Лидер», «Белес» сауда үйлерінің түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертпе суреттер ілінді, - деді ол.
Хабарламаны талқылау барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева былтыр күзде Бөдене ауылындағы ағайынының малы ұрланғанын, полицияға арызданғанмен ұрлық әлі күнге дейін анықталмай отырғанын көтерді.
Аудандық ветеринария стансасы КМК басшысының орынбасары Ержан Әбішев елді мекен аумағында жануарларды асырау қағидаларының сақталуы және мал ұрлығын болдырмау туралы хабарлама жасады.
Ауыл шаруашылық жануарларының бірдейлендіру жұмысының орындалысы бойынша биыл ірі қара 73% , ұсақ мал 17%, түйе 42%, жылқы 74% орындалып отыр екен.
-Малды сырғалау жұмыстарында айтарлықтай проблемалық мәселелер де жетерлік. Статистика есебімен мал басын сәйкестендіру кезінде, ауыл шаруашылық бірдейлендіру дерекқор базасында мал басы артық көрсетілуде. Себебі, ауыл шаруашылық малдары базадан тек мал иелерінің өтініштерімен ғана шығарылады. Ауыл шаруашылық малдарына ветеринариялық-профилактикалық жұмыстарын жасау кезінде, ірі қараға жылына екі немесе оданда көп аспалы құлақ жапсырмалары тағылады. Жылқыға да таңба басылып чип салынады. Чипті салу мал иелерінің жеке қаражат есебінен жүретін болғандықтан, мал иелерінен чипке деген сұраныс өте төмен. Халыққа чип алу жұмыстарына үгіт-насихат жұмыстары үнемі жүргізілуде.
Тұрғындардың ауылшаруашылық малдары жол көлігіне қағылу оқиғасы жие тіркеледі. Әкімшілік жауапкершілікті мойнындарына алмау үшін, тұрғындар аспалы құлақ жапсырмаларын (сырға) кесіп тастау фактісі жиі орын алуда. Сондықтан да жол оқиғасы кезінде, қағылған малдарды анықтап беруге мүмкіндік болмай қалады. Аудандық ішкі істер бөлімімен берлескен түрде ауыл шаруашылық малдарын ұрлық болдырмау мақсатында, жедел алдын-алу іс шаралары көктем және күз айларында өткізілуде. Ауылшаруашық малдарының құлағындағы аспалы құлақ жапсырмасын кесіп тастамауын және таңбалау, чиптау және туылған төлдерін уақытылы ветеринар мамандарына хабарлап, бірдейлендіру дерекқор базасына уақытылы енгізуілуін сұраймын.
Белгілі болғандай төтенше жағдай кезіде, ауыл шаруашылық малдары қарақұрттан зардап шегуі, малдың із-түссіз жоғалуы, белгісіз жағдайда малдың өлім-жетімге ұшырауы, аса қауіпті аурумен ауырған жағдайда, малдарға өтемақысын өтеу кезінде малдың сырғасы, таңба, чип болмауы мал иесін анықтауға ветеринар мамандарға қиындық тудырады.
Жылқыға мал иелерінен чип пен табраға сұраныс көп болмайды. Себебі жылқыға тұрғындар өзіне белгілі таңбасын салады. Сондықтан мал иесінің жеке таңбасымен таңбаланған малды бірдейлендіру дерекқор базасына енгізу мүмкіндігі жоқ. Жол көлік оқиғасына немесе жоғалған жағдайда мал иесін анықтап беру мүмкіндігі жоқ. Жылқыға бекітілген чипті мемлекет есебінен жеке және заңды тұлғаларға субсидияландырып берсе малды тіркеу әлдеқайда жеңілдірек болар еді, -деді ол.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева мәдениет саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлама жасады.
Бүгінгі күні ауданның мәдениет саласында 7 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын және оған қарасты 3 клубтық филиал мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 13 кітапхана бөлімшелері халыққа қызмет көрсетеді. Жыл басында мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 82 000,0 мәдени шараларға 21094000 теңге қаражат бөлінген. Сәуір айына дейін 72 шара өтті. Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты онлайн түрінде немесе шығын шықпайтын шағын ғана шаралар өткізуде. Жылдық жоспарда көп қаражатты қажет ететін ауқымды шаралар алынып тасталған.
- Мәдениет саласы бойынша «Халықтық» атағы бар «Индер-Мәдениет» КМҚК қарасты «Ақжайық», «Жарсуат-Мәдениет» КМҚК қарасты «Жарсуат» халық театрлары, «Индер-Мәдениет» КМҚК қарасты Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі және Бөдене ауылындағы «Үлгілі» атағы бар ұжым «Мұрагер» этнографиялық ансамблі, «Әсем әуен» дәстүрлі әншілер ансамблі жұмыс жасап тұр. Оларға арнайы министрлік бекіткен ереже бойынша штаттары берілген. Бұған қосымша, 2022 жылы «Ақжайық» ВАА, «Ару-Ана» әжелер ансамблі, «Үлгілі» атағы бар «Әсем-ай», «Шашу» би ансамблдері «Үлгілі» атағын қорғады. Бұл ұжымдарға берілетін штаттар әлі бөлінген жоқ. Себебі үш жылдық бюджет қаражатынан қалып қоюына байланысты штат бөлінбеген, ұсыныс берілді.
Сыбайлас жемқорлық профилактикасы бойынша әр мәдениет мекемелерінде жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында адам құқықтары жөніндегі өкіл Сәуле Төлегеновамен кездесу өтті. Жыл басында барлық мәдениет мекемелері басшыларымен және есепшілерімен бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мақсатында жиналыс өтті.
«Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» өңірлік орталығының бөлімшелері Бөдене, Есбол ауылдары кітапханаларынан ашылып жұмыс жүргізіп отыр. Биылғы жылға да жоспар жасақталып алдағы айларда жалғасын табады. Төтенше жағдайға байланысты әзірге тоқтап тұр. «Жарсуат» халықтық театры «Алым алғызбайтын дәрі» қойылымын сахналады. «Сыбайлас жемқорлық- қоғам дерті», «Жемқорлыққа жол жоқ!» атты видео роликтер түсіріп, әлуметтік желілерге таратты.
Өткен жылы есепшілер тарапынан мекеме қаражатына қол сұғу фактілері орын алды. Бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жүруде. Жалпы, қазіргі жағдайда есепшілер өте тапшы, сондықтан есепшілер көп жерлерде қосымша жүктемемен жұмыс жасайды. Мекемеде тұрақты есепші жұмыс жасамағаннан кейін де осындай жағдайлар орын алып тұр, - деді ол.
Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин қорытындылап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті тұлғаларға тапсырмаларын берді.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.