Кәсіптік білім кәсіби кадрлар дайындайды

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Президентіміз Қ.К.Тоқаев: «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деген еді. Демек қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. 

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітілді. Министрлік кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады.

Атап өту керек, еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету, кадр даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушімен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қамтылып, жұмысшы мамандықтары жылына арналған жоспарлар әзірленген.

Осы орайда No1 қалалық кітапхана мен Жылыой аналар кеңесінің ұйымдастыруымен С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде «Мамандығым – мақтанышым» атты дөңгелек үстел өтті.

Кеш барысында өз мамандығының қалаулысы, колледждің автоматтандыру, технологиялық құбырларды монтаждау, электромонтер, құрылысшы, дәнекерлеуші, тамақтандыруды ұйымдастыру, автомобиль жөндеу секілді басқа да кәсіптің арнайы пән оқытушылары Ж.Ізбасов, Е.Шәріпов, Ж.Берікұлы, Р.Кенжеғалиева, С.Жұмашева, Г.Әділова, О.Көшербаева, Р.Атыраубай, А.Мұқашов, М.Амиева, С.Сәденова, Қ.Жанәлиев шараға қатысты. Олар жастардың болашақ кәсібіне деген ұғымын тереңдетіп, қызығушылығын арттыру, мамандық таңдаудағы жауапкершілікті қалыптастырып, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өз ой-пікірмен, тәжірибесімен, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Дөңгелек үстел барысында осы оқу ордасында білім алып жатырған студент жастары да шараға атсалысып, мамандыққа қатысты «Менен сұрақ, сенен жауап», «Әріпті мамандық» ойындары мен «Мамандық» сөзжұмбақтарына қатысты. Онда И.Абдуллаев, П.Жеңісбекұлы, А.Наурызбай, Г.Қалиева және басқалар белсенділік көрсетіп, өз білімін сынға салды. Жылыой аналар кеңесінің мүшелері М.Алғазиева мен Ғ.Сәренова колледж ұжымына, студенттерге алғыс білдірді. Мемлекет басшысының бұл бастамасының жұмысшы мамандығының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп түрлерінде білікті кадрларды даярлауға септігін тигізетінін атап өтті.

Кітапханашы Ғалия Қалдыбаева «Жұмысшы мамандығы - ел экономикасының тірегі» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Дөңгелек үстелді ұйымдастырып, жүргізген аналар кеңесінің мүшесі, No1 қалалық кітапхана меңгерушісі Нұрсұлу Самсақызы оқырмандарға, шара қонақтарына алғысын білдіріп, ескерткіш сыйлыққа кітаптар тарту етіп, қорытындылады.

Кәмшат Бижанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT