Құрылысшы – ел дамуының іргетасын қалайтын мамандық

Қоғам дамыған сайын, жаңа ғимараттар бой көтеріп, заманауи инфрақұрылым кеңейіп келеді. Осы өркендеудің артында көзге көрінбейтін, бірақ маңызы зор бір мамандық иесі тұр – ол құрылысшы. Бұл кәсіп – уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпай, керісінше, жыл сайын арта түсетін, аса жауапты мамандықтардың бірі.

Бүгінгі таңда құрылысшы тек қарапайым жұмысшы емес, ол – инженерлік шешімдер қабылдай алатын, құрылыс технологияларын меңгерген, сапа мен қауіпсіздікті басты орынға қоятын білікті маман. Құрылысшы мамандығы бұрын тек физикалық еңбекпен ғана байланысты болса, қазіргі заманда бұл сала – техникалық білім мен тәжірибені қажет ететін күрделі жүйеге айналды. Құрылыс индустриясына жаңа технологиялар мен инновациялық құрылғылардың енуі де осы мамандықтың маңызын арттырып отыр.

Әр жыл сайын елімізде ірі құрылыс жобалары жүзеге асып жатыр: жаңа мектептер, ауруханалар, тұрғын үй кешендері, жолдар мен көпірлер салынуда. Бұл құрылыс нысандары халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ел экономикасының өсуіне де зор үлес қосуда. Мұның бәрі құрылысшы мамандығының қоғамдағы орны ерекше екенін дәлелдейді. Әрбір кірпіш – болашаққа қаланған сенім, әрбір қабырға – елдің берік тұғыры.

Сонымен қатар, құрылыс – жастарға жұмыс беретін, еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттардың бірі. Көптеген оқу орындарында бұл салаға қатысты мамандықтар оқытылып, практикалық білім берілуде. Мемлекет те құрылыс саласын қолдап, түрлі бағдарламалар арқылы жас мамандардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасауда. 

Алайда, құрылысшының еңбегі көбіне көлеңкеде қалып жататыны жасырын емес. Күннің аптабында, жауын-шашында, аязда да жұмысын тоқтатпайтын бұл мамандық иелерінің еңбегі еленуге тиіс. Олар жай ғана үй салып жатқан жоқ – олар елдің болашағын салып жатыр. Сондықтан бұл мамандыққа деген құрмет те, қолдау да арта түсуі қажет.

Құрылысшы – бұл тек мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен адал еңбекті қажет ететін өмірлік ұстаным. Жыл өткен сайын құрылыс саласының дамуы осы мамандықтың маңыздылығын дәлелдеп отыр. Құрылысшы – бүгінгі күннің қаhарманы, ертеңгі күннің негізін қалайтын тұлға.

 

Бекзат АСҚАРҰЛЫ,

жеке кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT