Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар осы аптадағы іс-шаралар жоспарын талқылады және 20 наурыз күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Сенат Төрағасы алдымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттерге тоқталып, Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыруға қажетті заңнамалық жұмыстың бағыт-бағдарына назар аударды.

«Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді одан әрі дамыту жолындағы бірқатар міндеттерді айқындап берді. Жиын барысында қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелер ашық талқыланып, сындарлы пікірлер айтылды. Парламент қабылдауға тиіс заңнамалық өзгерістердің бағыттары айқындалды. Жалпы, жыл сайын Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді. Биыл көтерілген ауқымды мәселелер мен белгіленген маңызды міндеттер соған дәлел. Парламенттің алдында тұрған ендігі міндет – Мемлекет басшысының Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Қуатты Қазақстан құру идеясын орындау үшін қолға алынған кешенді бастамаларын жүзеге асыруға қажетті заңнамалық база қалыптастыру. Сондықтан осы бағыттағы жұмысымызды жүйелеп, палатаның іс-шаралар жоспарын өзектендірудің маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ отырыс барысында сенаторлар Комитеттердің өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге арналған алдағы отырыстарында және депутаттардың мүдделі тараптармен көшпелі кездесулерінде қозғалатын тақырыптарды талқылады. Олардың қатарында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл және елдегі ойын бизнесі мен лотерея қызметі бойынша қабылданған заңнамалық өзгерістердің қолданыстағы тәжірибесін талқылау сияқты мәселелер бар. Одан бөлек, Сенат депутаттары осы аптада Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен бірлесіп, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру тетіктеріне қатысты басымдықтарды талқылайды.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы цифрландыру ісіне баса мән беріп отыр. Себебі бұл ел экономикасының қарқынды дамуына тікелей әсер етеді. Агроөнеркәсіптік кешенді цифр­ландыру ауыл шаруашылығы өндірісінің өнім­ділігін ұлғайтып қана қоймай, оның бәсекеге қабілеттілігін, өндіріс көлемін және экспорттық әле­уетін арттыруға да жағдай жасайтыны сөз болды.

Сонымен қатар бюро мүшелері «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды палатаның алдағы отырысының күн тәртібінде қарау үшін тиісті қаулы қабылдады.

Келісімнің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық күш-жігер мен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру. Заң нормалары бірлескен бағдарламалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды әзірлеу және іске асырумен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және заңнаманы үйлестіру саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, бұл ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартуды күшейту үшін тараптардың күш-жігерін біріктіру сияқты мәселелерді қамтиды.

Бұдан басқа бюро отырысында осыған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT