АУЫЛДЫ ДАМЫТУ ОНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАУҒА, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА МӘН БЕРУДЕН БАСТАЛАДЫ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАННЫҢ» АЙМАҚТАРДА САПАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСУЫНА ӘКІМДЕР ТІКЕЛЕЙ ЖАУАПТЫ. ОЛАР ЖҰРТҚА ІСТІҢ МӘН-МАҢЫЗЫН ТҮСІНДІРІП, ЖҰМЫСТЫ ДҰРЫС ҮЙЛЕСТІРУГЕ МІНДЕТТІ. АЙМАҚ БАСШЫСЫ ТЕК ШАРУАШЫЛЫҚПЕН ҒАНА АЙНАЛЫСПАЙДЫ. ӘКІМ ҚОҒАМДЫҚ, РУХАНИ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ӘРДАЙЫМ НАЗАРДА ҰСТАУҒА ТИІС» ДЕП АТАП КӨРСЕТКЕН БОЛАТЫН. БҮГІН МЕН ОСЫ ТАҚЫРЫПТЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІМ. СЕБЕБІ, ҚОЛҒА ҚАЛАМ АЛҒЫЗАТЫНДАЙ, ӘЛІ КҮНГЕ ОҢ ШЕШІМІН ТАППАҒАН МӘСЕЛЕЛЕР БАР.
Біз, Құрманғазы ауылының М.Шолтыров көшесінде 40 жылдың үстінде тұрып келеміз. Кіші Кресті ауылында ондаған үй болғанымен М.Жолжанов, М.Шолтыров атындағы екі-ақ көше бар. Тәуелсіз елге айналғанымызбен өркениет жетістігі осы ауылды айналып өтуде. Аталған көшелерге әлі асфальт төселген жоқ, жаңбыр, қар жауған мезгілдерде үйлерге жету қиынның қиыны болып қалуда. Сабаққа баратын балалар, үлкен кісілер батпаққа батып, құлап-сүрініп жатады. Бұл кездері ол көшелерге такси қатынаспайды, бара қалса қымбат сұрайды. Осы мәселе жөнінде ауыл азаматтары, азаматшаларымен бірге ауылдық округте тұрғындармен кездесуде, халық пен билік арасындағы алтын көпір – халық қалаулылары болып сайланған азаматтарға, яғни, депутаттарға бірнеше рет сұрақтар қойдым, жеке қабылдауларында болдым. Бірақ, «Баяғы жартас, сол жартас», дегендей, ешқандай нәтиже жоқ болып тұр.
Екінші маңызды мәселе – көше, ауыл тазалығы. Ауылымыз бұл жағдайда жақсы деңгейде емес деп айтуға болады. «Тазалық – денсаулық кепілі» деп ата-бабаларымыз қалай тауып айтып кеткен десеңізші. Аталған Кіші Кресті ауылында қоқыс салатын контейнерлер тозған, іргесі сөгіліп, жыртылған, ішіне салған заттар шіріп, иіс-қоңысы шығып, шашылып, көшеге ұшуда. Осылайша өзіміз демалатын ауаны ластап, ауру тудыру қаупі бар (әсіресе жаз мезгілінде). Контейнерлер осал металдан жасалған және санасы төмендер оның ішіне салынбайтын заттарды (мал тезектері, сабандар және т.б) тастап, жылдам істен шығуына әкеп соғады. Ал, контейнер сыртындағы жазуға (сухой отход) халық көңіл бөлмейді және оған 3-4 метр жер қалғанда ішіне салуға қиынсынып, қасына тастап, ол көшеге шашылып кетеді. Мұнысы заңға қайшы екенін ескермейтіндер айыппұл төлемей ақылға келмейтін сияқты. Айналамыздың тазалығын сақтау өз денсаулығымыздың кепілі екенін түсінетін кезіміз жеткен жоқ па, ауылдастар?
Үшінші мәселе жаз мезгілінде балалар ойнайтын алаң салынбаған. Жиналыстарда көтерсек, жауапты адамдар «салынайын деп жатыр» деген бос сөзбен шығарып салады. Балалар біздің – болашағымыз, олар ойын алаңында жүрсе қауіпсіз болады, көлік қағып кету қаупі азаяды, тәртіпсіздікке, тентектікке, бір нәрсені бүлдіруге бармайды. Осы бір күрмеуі қиын түйін тарқатылып, аталған мәселелер шешілсе дейміз. Еліміз «еститін мемлекет» жаңа Қазақстанды құрып жатыр ғой, аудан, ауыл басшыларының құлағына алтын сырға!
Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы