Көктемгі су тасқыны кезінде үш жыл қатарынан «Миялы-Жангелдин» бағытындағы тас жол бұзылып, жолаушылар айналма жол арқылы қатынап жүрген болатын.
«Жол азабын жүрген біледі» демекші бұл мәселе аудан тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Осы орайда, биыл «Миялы-Жангелдин» ауылы арасындағы көпірдің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мердігер мекеме жалпы ұзындығы 54,2 метр болатын көпір құрылысын жүргізу үшін 16 метр болатын 132 дана қада қағу жұмысын жүргізді. Қазіргі таңда, жобаға сәйкес, көпірдің тіректері салынып, росверк құйылып, үстіңгі балкілерін салу жұмыстары толықтай аяқталды.
Ал, қазіргі бетон құю жұмыстары атқарылуда. Көпір құрылысы толықтай 2025 жылы аяқталмақ. Десе де, көпірді жылдың соңында көлік қозғалысы үшін ашу жоспарлануда.
Гүлмира МАҚСОТ
Қызылқоға