Атырау облысында қолайсыз экологиялық жағдай — өзекті мәселелердің бірі. Оны шешуге бағытталған міндеттер алдыңғы қатардан орын алады және аса маңызды болып саналады. Бүгінгі күні аймақ әкімдігімен және салалық құрылымдармен өңірдің негізгі экологиялық проблемалары зерделеніп, бірінші кезекте шешуін қажет ететін бағыттар айқындалды.
Соның ішінде, Каспий теңізінің және Жайық өзенінің тартылуы, атмосфералық ауаға өндірістік зиянды қалдықтардың шектен тыс мөлшерде шығарылуы, аумақты көгалдандыруға кедергі келтіретін факторлардың көбеюі, топырақтың және жерасты суларының ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар мен елді мекендерді құм басуы сияқты жайларға алғы кезекте назар аударылуы керектігі айқындалды. Осыған сәйкес, облыс әкімдігі, Қазақстан Республикасы экология, табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп “Жол картасын” әзірлеген болатын. Соның негізінде 2021-2025 жылдары атқарылатын жұмыстардың бағдарламасы қабылданып, жоспары бекітілді. Осы мерзімде межеленген қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыруға жалпы сомасы аралықтарында барлығы 38,3 млрд. теңге қаржы бағыттау жоспарланды. Оның ішінде: республикалық бюджеттен 34,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 4,2 млрд. теңге және жеке инвесторлардың үлесі есебінен 9,7 млрд. теңге қаражат бөлу қарастырылды.
Экологиялық төлемдерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы нақты проблемаларды шешуге жұмсау мақсатында, жергілікті бюджетке түскен қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін эмиссиялық төлем сомасы да көбейді. Тек өткен жылдың өзінде қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін жергілікті бюджетке түсетін төлемнің көлемі 9 млрд. теңгеге жуықтады.
Тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселенің бірі — тұрмыстық қалдықтардың жиналуы болып отыр. Ол, қала сыртындағы полигондардан шыққан тыныс тарылтар жағымсыз иістер мен қалдықтардың өртенуі экологиялық талаптардың сақталмауына байланысты болып отыр. Аталған қоқыс полигонын қалпына келтіру жұмысы 2024-2026 жылдарға жоспарланған.
Былтыр облыс аумағындағы 10 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны оңтайландырылды. Биыл экологиялық және санитарлық талапқа сәйкес аудан орталықтарынан 18 қатты тұрмыстық қалдық сақтайтын полигон жұмыс жасайды.
Дәулетқали АРУЕВ