КҮНДЕЛІКТІ ДАҒДЫҒА АЙНАЛАТЫН МӘДЕНИЕТ

Туған жердің топырағы таза болса, ондағы тіршілік те берекелі болады. Біздің өңіріміз – негізінен мал шаруашылығымен айналысатын, кең жайлауы бар, табиғаты ерекше аймақ. Сондықтан жеріміздің шұрайын, суымыздың тазалығын сақтау – ата-бабамыздан қалған аманат.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаты – қоршаған ортаны қоқыстан тазарту ғана емес, ауылдағы табиғи байлықты, жайылым мен су көздерін қорғау. Малға арналған жайылымдар мен суаттардың маңын қоқыстан арылту – малдың да, адамның да денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды іс. Біздің ауылда да бұл бастама қызу қолдау тапты. Жергілікті тұрғындар, шаруа қожалықтары, жастар мен мектеп оқушылары бірлесіп, сенбіліктер ұйымдастырды. Әсіресе, жайылымға апарар жолдар бойын, өзен-көл жағалауын тазалау жұмыстары атқарылды.

Тазалықты сақтау – тек қана көркем көрініс үшін емес, малдың жайлы жайылуы мен шөптің құнарлылығына да әсер етеді. Қоқыс қалдықтары жиналмаған жағдайда шөптің сапасы төмендеп, су көздері ластануы мүмкін. Сондықтан әрбір мал иесі өз жайылымы мен қотан ауласын таза ұстауға міндетті.

«Таза Қазақстан» – бір реттік науқан емес, күнделікті дағдыға айналатын мәдениет. Егер әрбіріміз өз жерімізді, ауламызды таза ұстасақ, келер ұрпаққа жасыл да құнарлы даланы аман-есен табыстаймыз.

                     Зайда СУАТОВА,

                    Жамбыл ауылдық округі

әкімі аппаратының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT