ҚХА-ның кезекті ХХХІV сессиясы басталды

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы басталды, деп хабарлайды kaz.inform.kz

Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».

Айта кетейік, кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысқа ҚР Президентінің Ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев, ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелері, ҚХА қоғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты. Ассамблея институтының елдегі бірлік пен келісімді нығайтудағы рөлі, сондай-ақ еліміздегі ауқымды өзгерістер барысындағы ерекше маңызы атап өтілді.

Ассамблеяның 30 жылдығы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен оған қоғамның кеңінен атсалысуы айтылды. Кеңес қатысушылары Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішіндегі этносаралық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін, «Әралуандықтағы бірлік», «Біз әртүрліміз — бірақ теңбіз» қағидаттарын қоғамда сақтау мен ілгерілетудің маңызын ерекше атап өтті.

17 сәуірде Мемлекет басшысының өкімдерімен Расул Сурмалиевич Ахметов және Дмитрий Валерьевич Останькович Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалған еді. 

Бұған дейін 30 жылда Ассамблея Қазақстан қоғамына не бере алғанын жазған едік.

Сонау 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл толып отыр. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесі аясында биыл 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 14 Достық елшісі бірлік пен келісімнің қазақстандық үлгісін ұсына отырып, басқа елдермен өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше үлес қосып келеді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауға ат салысқандарға «Ел бірлігі» ордені табысталады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT