Олжас Бектенов тиімділігі мен жауапкершілігі жоғары дихандарды қолдауға ғана жеңілдетілген несие беруді тапсырды
Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық өсуді қамтамасыз етуде аграрлық сектор ерекше орын алатынын атап көрсетті. Экспортқа шығатын және нарықта сұраныс жоғары, көбірек табыс әкелетін дақылдардың алқаптарын кеңейтуге басымдық беру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жеткізілді. Жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді.
«Мемлекет егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Жұмыстарды нәтижелі әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асыруымыз қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиені тиімділігі мен жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға ғана беруі керек. Бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуға тиіс. Егіншілерді сапалы және тексеруден өткен тұқым қорымен қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін бірінші кезекте, отандық өндірушілерді ынталандыру қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселені сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.