Үкімет трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелерін қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері 2 мәселені жан-жақты талқыға салады.

 Нақтырақ айтқанда, отырыстың күн тәртібіне трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері мен Қазақстан Республикасында қалдықтардың барлық түрін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шығарылып отыр.

Ал отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова мен Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров БАҚ өкілдер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Ақтау портының әлеуетін 3 есе арттыратын хаб салынып жатыр

Елімізде Сауда және интеграция министрлігінің үйлестіруімен 5 трансшекаралық хаб іске асырылып жатыр:

    Жамбыл облысындағы «Алатау» индустриялық-сауда-логистикалық кешені (Қырғызстанмен шекарада);
    Түркістан облысындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы (Өзбекстанмен шекарада);
    Батыс Қазақстан облысындағы «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы (Ресеймен шекарада);
    Маңғыстау облысындағы «Каспий торабы» хабы;
    Жетісу облысындағы «Қорғас торабы» хабы (ҚХР-мен шекарада).

Қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасы бірыңғай қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін құруды және цифрлық мониторингіні енгізуді көздейді. 

Айта кетейік, елімізде 3 мыңға жуық полигон бар. Оның 80 пайызы экологиялық талаптарға сай емес. Көпшілігі 1970-1990 жылдары қорғаныс жүйелерінсіз салынған. Бөлек жинау дамымаған. Ал заманауи полигондар салуға бюджет қаражаты жеткіліксіз. Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу бойынша әлемде 179 елдің ішінде 175-орында тұр. Көрсеткіш — небәрі 3,8 пайыз. Салыстырмалы түрде көршілес Өзбекстан қайта өңдеуді 31,6%-ға жеткізіп, зауыттар салып, халықаралық компанияларды шикізатпен қамтып отыр. Ал Қырғызстан полиэтиленге ішінара тыйым енгізді.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында 2026-2028 жылдарға арналған Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды.
Жетісайдағы өрттен көз жұмғандарды жерлеуге көмек беріледі

Күн тәртібіне шығарылған мәселе талқыланбас бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында өрттен қаза тапқан 12 адамның туыстарына көңіл айтты.

    — Түркістан облысының Алғабас ауылындағы қайғылы жағдай болғанын білесіздер. Үкіметтің атынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтам. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өрттің себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр, — деді Премьер-министр.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Алдын ала қылмыстық құрам жоқ. «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

    - Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім, - деді Қанат Бозымбаев. 

Олжас Бектенов «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік платформасының 18-ші отырысын өткізді

Осы орайда Премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттерді болдырмауды, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

    - Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет. Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандырсын. Өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейтсін. Орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керек, - деді Олжас Бектенов.

 

Мұнан бөлек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі эпидемиологиялық ахуалды баяндады. Оның мәліметінше, вирустың таралуы желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін.

Бұл ретте Олжас Бектенов елдегі эпидемиологиялық бақылауды тұрақтандыру бағытындағы шаралар қабылдауды тапсырды.

    — Барлық дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар жеткілікті болуы тиіс. Сондай-ақ, вирустық аурулардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Ақмарал Шәріпбайқызы, жағдайды тұрақты жеке бақылауға алыңыз, — деді Олжас Бектенов.

Серік Жұманғарин

Ал күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселе бойынша баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариның сөзіне қарағанда, Үкімет ұзақ мерзімді өндірістік қабілеттілікті жоғарылатуға басымдық береді. Алдағы 3 жылда өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенде жыл сайын 100-ден астам инвестициялық жобаны іске қосады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға микроқаржы ұйымдары тартылады.  Инфляцияны тежеу үшін Үкімет тарапынан мынадай негізгі бағыттар бойынша шаралар күшейтілетін болады:

    нарықты өніммен молықтыру;
    сақтау және тұтынушыға дейін жеткізу инфрақұрылымын дамыту;
    баға белгілеуді реттеу және монополияға қарсы реттеу. 

Халықтың табысын қолдау үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асыру жалғастырылады.

Экономикалық белсенділігі төмен өңірлерге ерекше назар аударылады.

    - Әлеуметтік қолдаудың атаулылық бағытын арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Әлеуметтік төлемдердің ашықтығы мен атаулылық бағытын арттыру үшін цифрлық технологиялар қолдануды кеңейту жоспарлануда. 2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026-2028 жылдары халықтың нақты табысының өсуі жылына орта есеппен 2-3 пайыздан төмен емес болады, — деді Серік Жұманғарин.

 

Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі валюта бағамы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптаса беретінін айтты.

    - Валюталық саясатқа келетін болсақ, ішкі нарықтағы валюта бағамы фундаменталдық факторлардың, валютаға сұраныс пен ұсыныс арақатынасының әсерінен еркін бағам белгілеу жағдайында қалыптаса береді. Сонымен бірге, Ұлттық банк ұлттық валютаны тұрақсыздандыратын, спекулятивтік ауытқуларды және қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін болдырмау үшін қатаң әрі жедел түрде нақты әрекет жасауға, яғни валюталық интервенцияларды жүргізуге дайын, - деді ол.

Мәдина Әбілқасымова

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығының сараланған ставкалары енгізілетінін атап өтті.

    - 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығының сараланған ставкалары енгізіледі: корпоративтік кредиттеу бойынша 20 пайыз, тұтынушылық кредиттер және басқа да қызмет түрлері бойынша 25 пайыз. Банктердің капиталын және өтімділігін босату үшін шағын және орта бизнес қарыздары бойынша және синдикатталған қарыздар бойынша тәуекел-саралау 50 пайызға дейін, өтімділік нормативтері 0,9-ға дейін төмендетілді. Бұл 2,6 трлн теңге көлемінде өтімділікті босатты, — деді агенттік басшысы.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдерінің шекарадағы айналымын күшейтілген режиммен бақылауды тапсырды.

    — Жанар-жағармай материалдарының бағасын көтеруге енгізілген мораторийді ескеретін болсақ, көршілес елдермен арадағы баға диспаритеті күшейіп келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің бензин мен дизель көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан Энергетика, Сауда, Қаржы, Ішкі істер министрліктері мен Қаржылық мониторинг агенттігі және Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі отын балансына және мұнай өнімдерінің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне қатаң бақылауды қамтамасыз етуі қажет, — деді ол.

Әлеуметтік маңызы бар 5 түрлі азық-түліктің бағасы төмендеді

Сондай-ақ Үкімет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы, Сауда және Өнеркәсіп министрліктері ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету деңгейін арттыруы тиістігін атап өтті.

Экономиканы әртараптандыру аясында шикізаттық емес экспортты белсенді дамытуға және өткізу нарықтарын кеңейтуге күш салу керектігіне назар аудартты.

Отырыс соңында Үкімет мүшелері аталған бағдарламаны қабылдады.

    — Бағдарлама еліміздің алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі міндеттерін шешуге бағытталған. Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру экономиканың сапалы әрі орнықты өсуі және инфляцияны төмендету есебінен қамтамасыз етіледі, — деді Премьер-министр.

 https://kaz.inform.kz/news/ukmet-transshekaralik-habtardi-damitu-maselelern-karaydi-ac4566/

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT