Былтырғы наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуді және жалпы ұзындығы 1700 шақырым газ құбырын жаңғыртуды жүргізуді міндеттегені белгілі. Президент тапсырмасын орындаудың нәтижесінде 2030 жылға қарай халықты газдандыру деңгейін 65%-ға дейін жеткізу жоспарланғанынан да хабардармыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі жергілікті атқарушы органдарға «Самұрық-Қазына» АҚ қорынан 145 газбен жабдықтау жобасын іске асыруға 105 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. 2024 жылдың соңында елді газдандыру деңгейі межеленген 62% (61,8%) шамасына жуықтады. Бұл есепті мерзімде барлығы 369 мыңнан астам адам немесе 140 елді мекен газбен қамтамасыз етілді деген сөз. Тұтастай алғанда, қазақстандықтардың құбыр арқылы келетін «көгілдір отынмен» қамтылу деңгейі 60%-ға жетті. Ал биыл бұл көрсеткішті 62,1%-ға көтеру көзделген. Осылайша, 2025 жылы қосымша 55 мың адамды қамтитын 21 елді мекен газбен жабдықталмақ.
Кезінде облыс елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілгенде өзім де сол ауқымды жұмыстың басы-қасында жүргендіктен, бұл істің жайы маған таныс. Сол себепті, оның жүгінің жеңіл еместігін сезінемін. Облыста газдандырылмаған ауыл болмауы тиіс деген қағиданы ұстанған атыраулық газшылар алдарына қойылған міндетті абыроймен орындап шықты. Соның арқасында бүгінде өңір тұрғындарының табиғи газбен қамтылу деңгейі 99,9%-ға жетіп, 708,9 мың адамды құрап отыр. Соның ішінде Атырау және Құлсары қалалары толықтай газбен жабдықталған. Тек өткен жылдың өзінде шалғайдағы Қызылқоға ауданының 6 ауылына газ тарту жұмыстары (жобалық құны – 2,7 млрд теңге) аяқталып, игілікке берілді. Жыл ішінде барлығы 121,8 шақырым газ желісі жүргізіліп, 500-ден астам тұрғын газбен қамтылды.
Бұдан бөлек, Атырау шаһарының оң жағалау бөлігінде орналасқан елді мекендерді үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз ету үшін «Финская-120» АГТС және «Редут-Финская-120 АГТС» магистральды газ құбыры тармағын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаланған 46 шақырым газ желісінің тең жартысынан астамы іске қосылды. Бұл жұмыстың қаржылай көлемі 19,3 млрд теңгені құрады.
Бұдан шығатын қорытынды – жылдан жылға газдандыру желісінің ұлғаюы халықтың бағасы қолжетімді әрі тиімді отынға сұранысын қанағаттандырудың кепілі болып табылады.
Ақылбек БАЙШАХАНОВ, мемлекеттік қызметтің ардагері
Атырау қаласы
Сурет: freepik.com