Көгалға көрік берген жастар

«Жасыл ел» – 2005 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан кешенді бағдарлама. Отанға деген сүйіспеншілікті оятып, ел мен жерді көркейтуге үлес қосуға үндейтін бұл жоба – еңбек пен тәрбиенің қазығына айналды. Бағдарламаның ең тиімді тұсы – жастарды жазғы демалыс кезінде мағыналы іспен қамтып, бос уақытын тиімді өткізуге бағыттауы. Яғни, жаз бойы қарап жатпай, маңдай термен еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік береді. Облыста да бұл бастама өз тиімділігін көрсетіп келеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын жастардың еңбек маусымы биыл 1 мамырда бастау алды. Жасылелдіктер қыркүйек айына дейін түрлі бағытта еңбек етеді. Олар негізінен елді мекендердегі саябақтар мен аллеялардағы жасыл желектерді күтіп-баптаумен, арықтарды тазартумен, абаттандыру және тазалық жұмыстарымен айналысады. Ауданымызда 1 маусымнан бастап «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маусымдық жұмысы басталды. Биылғы жылы бұл бағдарламаға аудан бойынша 300-ден астам жас тіркеліп, олардың 120-сы нақты жұмыспен қамтылды. Жасақ жұмысы үш кезеңге бөлінген. Жауапты маманның айтуынша, бірінші кезеңде 39 сарбаз, екінші кезеңде 43 сарбаз, ал үшінші кезеңде 38 сарбаз еңбекке тарту жоспарланған. Айта кету керек, «Жасыл ел» жобасы көгалдандыру үшін көшет немесе ағаштар сатып алуға емес, барды ұқыпты ұстауға басымдық береді. Яғни, «он тал екпесе де, бір тал кеспеу» қағидасын ұстанып, табиғатқа жанашырлық танытатын жастар ауылымыздың тазалығы мен көркіне өз үлестерін қосып жүр. Жауапты мамандарының айтуынша, мұндай жасақтардың жұмысы – жастар арасындағы тәрбиелік маңызы бар, келеңсіз оқиғалардың алдын алатын, еңбекке, тәртіпке баулитын және олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ететін тиімді тетік. Жастарға сенім артсақ – жасыл болашаққа жол ашамыз. Ендеше, осындай жобаларға тек жастар ғана емес, қоғам болып қолдау білдіргеніміз абзалырақ. Қазіргі уақытта «Жасыл ел» сарбаздары ауыл ішін көгалдандыру, тазалық жұмыстарымен айналысып, қоғамдық еңбекке белсене араласып жүр. Жастардың еңбекке деген құлшынысы мен жауапкершілігі қуантады. Әрбір сарбаз өзіне жүктелген тапсырманы тиянақты орындап, белсенділік танытып келеді. Бұл тек еңбек тәжірибесі ғана емес, сонымен қатар жастарды тәртіпке, ұжыммен жұмыс істеуге баулитын маңызды жоба екені сөзсіз. Аталған бағдарламаның биылғы бір ерекшелігі «NEET» санатының арасынан іріктеліп, жетекші тағайындалған. Жетекші Алмагүл Өмірбековамен біз де тілдесіп, сөзге тартқан едік. – «Жасыл ел» – жасампаз жастардың басын біріктірген жоба. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр азаматтың міндеті деп білеміз. Аталмыш бағдарлама ауданда да жалғасын тауып, еңбекқор жастардың мекеніне айналғаны сөзсіз. Жылына көптеген жастар жұмысқа қабылданып, ауылдың гүлденуіне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Биылғы жылы жұмысшы топ құрамына 120 жас қабылданып, қарқынды жұмыс жасауда. «Жасылелдіктер» қатарын негізінен студенттер мен мектеп оқушылары құрайды. Қазіргі екінші ауысым бойынша 11-і Аққыстау, 6-ы Жанбай, ал Зинеден, Исатай, Нарын, Тұщықұдық, Қамысқала ауылдық округтерінде 5 сарбаздан жұмыс жасауда. Ал үшінші ауысым тамыз айында басталады. Жұмысшылар бір айда 85 000 теңге, қосымша аударымдарымен қолға 67320 теңге жалақы алады. Мұндағы бір сарбаз тек бір ай ғана еңбек етеді. Сарбаздар бір ай бойы алаңдарды, сондай-ақ, қуғын- сүргін құрбандарын еске алатын тақтайша ескерткіштердің айналасын арамшөптерден тазартып, көгалдандыру мақсатында талдарды суарып, баптайды. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғызбасты қарияларымыздың үйлеріне барып, шарбағын, үй-жайын тазалау секілді көмек түрін көрсетеміз,- дейді ол өз сөзінде. Бұл жобаға көбіне студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысатыны рас. Өйткені оқушыларды үй шаруасына жегіп қоймай, осындай бағдарламаларға жиі шақырып, қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытқаны да дұрыс-ақ. – Биыл қызым осы жобамен жұмыс жасаған болатын. Оқушы болса да қарсы болмадық, қиындығы болмағанымен, қоғамға қызмет жасау үлкен жауапкершілікті жүктейтінін сезінді. Бұл, әрине, дұрыс, өйткені келешек осы жастардың қолында, сондықтан осы бастан оларды еңбекке, тазалыққа, адалдыққа үйреткен абзал,-деді аққыстаулық тұрғын Салтанат Сейтжанова. Сонымен қатар, сарбаздар мәдени шаралар мен түрлі тренинг-сайыс-тарда белсенділік танытып, қатысып келеді. Осы бағдарлама арқылы жұмыс жасап, алғашқы табысын алмақшы жастың бірі Гүлайым Тоқсанбайқызы өзіне дән риза. – Мен биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында еңбек етуге мүмкіндік алдым. Бұл жобаға қатысу арқылы бос уақытымды тиімді өткізіп қана қоймай, табиғатты қорғауға, туған жерді көркейтуге өз үлесімді қосып жатқанымды мақтан етемін. Бұл жұмыс мен үшін өте пайдалы әрі ерекше тәжірибе болды. Біз күн сайын табиғат аясында еңбек етіп, шөп жұлу, арамшөптерден тазарту сияқты маңызды жұмыстарды атқарамыз.Ал,командамыз туралы айтатын болсам,командамыз өте тату, бәріміз бір-бірімізге көмектесіп, қолдау көрсетіп отырамыз. Сонымен қатар, бұл бағдарлама жастарға еңбекке баулып, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді. «Жасыл ел» – мен үшін тек табыс көзі ғана емес, елге, табиғатқа деген жанашырлықтың белгісі деген ойға келемін. Мұнда еңбек еткен әр күнім маған үлкен тәжірибе мен жақсы естеліктер сыйлап жатыр.Сонымен қатар еңбек ету арқылы жауапкершілікті сезініп, жаңа дос-тар таптым. Мұндай пайдалы әрі тәрбиелік мәні зор жобалар жастар үшін өте маңызды деп есептеймін,- деп сөзін түйіндеді. Айта кетейік, «Жасыл ел» еңбек маусымы тамыздың 31-не дейін жалғасатын болады. Қорыта айтқанда, «Жасыл ел» сарбаздары ауданды көгалдандырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға еңбек етеді. Сағыныш ҚАЙЫР Исатай ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT