Келісіп пішкен тон келте болмайды

Кеше Үкімет мүшелері бизнес өкілдерімен салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкімет ұсыныстарын талқылады. Әрине, қосымша құн салығы бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. Десек те, оны көтеру мәселесінде әлі де талқыланатын тұстар көп. Ведомостволар жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар сала үшін 10 пайыз мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осы тақырыпқа қатысты мен де өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім. 

Бәрінен бұрын ҚҚС-ны 20 пайызға өсіру грант алып кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қиынға соққалы тұр. Өйткені, олар жас бизнес иелері болғандықтан табысы мен пайдалары айтарлықтай көп емес. Тіпті, кейбіреулері несие алуы да мүмкін. Сонда жас бизнес иесі табысымен қарызын өтей ме әлде қосылған құн салығын төлей ме? Мысалы, үйдің жанындағы шағын дүкендер, базардағы дүңгіршіктерде кейде сауда болмай қалуы мүмкін. Алайда, олар күн сайын жалға алып отырған орнын төлеу керек.Сондай-ақ, үйінен бәліш пісіріп сатып отырған көпбалалы, жалғызбасты аналарға оңай емес. Меніңше, олардың пайдасы да асып-тасып, қалтасы қампайып жүрген жоқ. Өзім Іскер әйелдер Қауымдастығымен жұмыс істейтін болғандықтан, көптеген бизнесвуменнің проблемаларынан хабарлдармын. Олар онсыз да коммуналдық шығынды, жалға алған орынды төлеп отыр.

Егер қосылған құн салығы 20 пайызға өссе ең алдымен сондай кәсіпкерлерге қиындық келтірері сөзсіз. Ал егер үлкен бизнеске келсек, олар «көлеңкелі экономикаға» кетіп қалуы ғажап емес. Содан кейін Үкімет тарапынан тексерістер көбейеді. Сол себепті біз ең алдымен жұртшылықтың өмір сүру деңгейіне назар аударуымыз тиіс. Ел экономкасы дамуы үшін бизнеске тұсау салмауымыз керек. Сондықтан, әлі де Үкімет ұсынған тетіктерді пысықтауымыз қажет.

Нұрлы ӘЙТИЕВА,

Атырау бизнес және құқық қолледжінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT