Келелі кеңес

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы көптеген түйіткілді мәселелерді айтып кетті. Және олардың шешу жолдарын да ұсынды. Жолдаудың аясында Жылыой ауданында да жұмыстар жасалып жатыр.

Соңғы Жолдауында ел Президенті:

-Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес,-деген болатын өз сөзінде.

Мемлекет басшысының  Жолдауына орай аудан әкімі жанындағы аналар кеңесі "Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» аясында «Салауатты сана» жобасына арнап дөңгелек үстел өткізді. Негізінен, Қ.Тоқаев айтқан 5 кеселдің алдын-алу бағыты бағытында жұмыстар атқаруды мақсат тұтқан бұл жиынның бұқараға берері де мол. Әсіресе, қоғам дертіне айналған лудомания мен нашақорлыққа қарсы көптеген шараларды қолға алу керектігі мақұлданды. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін смартфонға телмірген заманда бұл кеселдің құрығына түсу қиын емес.

Дөңгелек үстелге аналар кеңесінің төрайымы М.Әбдіғалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Нұрмаханова, білім бөлімінің тәрбие-ісі жөніндегі бас маманы І.Ермекбаева және басқа да айтары көп аяулы аналар қатысты. Інжу Ермекбаева оқушылар арасындағы індетке:

-Шыны керек, ел Президенті Қ.Тоқаев дер кезінде заң қабылдап, бұл істі құрықтады деп ойлаймын. Себебі, мектеп оқушылары арасында да лудоманияға шалдыққан жандарды кезіктіріп жүрміз. Әлеуметтік желіде де бірнеше жайттарға көзіміз жетті. Алайда, алдын алу үшін бар күшімізді салатын боламыз. Неге десеңіз, ел болашағы осы жастардың қолында,-деп тоқталды өз сөзінде.

Алқалы жиында орамды ойлар мен пайымды пікірлер аз айтылған жоқ. Естір құлаққа есепсіз мағлұмат берілді десек артық айтқандық болмас. Аналар кеңесі отбасында, білім беру ошақтарында түсіндірме жұмыстарын көбірек жүргізу керек деген тұжырымға келіп, уақыт оздырмай іске кірісуге уағдаласты.  

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521